2 млн-ға жуық адам тұмауға қарсы екпе алды – ДСМ өкілі

Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Жұқпалы ауруларды эпидемиологиялық қадағалау басқармасының басшысы Роза Қожапова Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихаты барысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Айтуынша, аурудың алдын алудың ең тиімді әдісі – вакцинация.

Биыл бюджет қаражатына Ресейде шығарылған «ГРИППОЛ+» вакцинасының 2,3 млн дозасы сатып алынды. Вакцина құрамында алдағы маусымдағы вирустарға қарсы штамдар бар. Бұл жалпы республика халқының 12 пайызын қамтуға мүмкіндік береді, ДДСҰ ұсынған көрсеткіш – кемінде 10 пайыз, - деп атап өтті ведомство басшысы. 

Сондай-ақ ол қазына қаржысынан қандай адамдарға тегін екпе салынатынын айтты. 

Мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен халықтың осал топтары егіледі: олар – медицина қызметкерлері; медициналық ұйымдарда диспансерлік есепте тұрған балалар; жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарының, балалар үйлерінің балалары; эпидемиологиялық көрсеткіштері бар адамдар, - деді Роза Қожапова. 

Сонымен қатар ол қазан айының басынан бастап халыққа тұмауға қарсы вакцинация жүргізіліп жатқанын алға тартты. 

Республика бойынша тұмауға қарсы 1 806 710 адам немесе жалпы республика халқының 9,5%-ы егілді. Оның ішінде: жергілікті бюджет қаражатынан – 1 758 875 адам, жұмыс берушілер есебінен – 28 295 адам, ақылы негізде – 19 540 адам екпе алды. Вакцинацияланғандар арасында: 14 жасқа дейінгі балалар – 392 076, ересек адамдар – 1 423 287 адам иммунизациядан өтті. Вакцинациядан кейінгі асқынулар тіркелген жоқ, - деді ДСМ өкілі. 

Еске сала кетейік, бұған дейін ел аумағында тұмауға ұқсас вирус таралып жатқаны туралы жазған болатынбыз. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы