2%-бен үй алуға мүмкіндік бар: Елімізде 9 мыңнан астам азамат жеңілдетілген займ алды
Елімізде халықты қолжетімді баспанамен қамту бағытында жеңілдетілген займ беру жалғасып жатыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Елімізде халықты қолжетімді баспанамен қамту бағытында жеңілдетілген займ беру жалғасып жатыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, кезекте тұрған азаматтар үшін жылдық 2% және 5% мөлшерлемемен жеңілдетілген займдар беріліп келеді. Бұл тұрғын үйге мұқтаж халықтың нақты санаттарына арналған қолдау тетігі.
2% жеңілдетілген займ кімдерге беріледі?
Мұндай ерекше жеңілдік төрт санаттағы азаматтарға қарастырылған:
Бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар;
• Мүгедек баласы бар немесе тәрбиелеп отырған отбасылар;
• Көпбалалы отбасылар;
• Жетім балалар.
2024 жылдың қорытындысы бойынша 2%-бен 3 859 займ берілсе, биылғы жылдың алғашқы төрт айында 952 азамат баспана сатып алу үшін осы мүмкіндікті пайдаланған.
5%-бен де несие беріледі
Бұл мөлшерлеме кеңірек санаттағы тұрғындарға ұсынылады. Былтыр 5 145 азамат осындай займ алған. Ал биылғы 1 қаңтардан бері 1 249 адам 5%-дық несие рәсімдеген.
Барлық жеңілдетілген займдар "Отбасы банкі" арқылы беріледі.
“Наурыз” бағдарламасы – жаңа ипотекалық мүмкіндік
Президент тапсырмасы бойынша өткен жылы іске қосылған "Наурыз" ипотекалық бағдарламасы да жалғасуда. Мұнда:
• Әлеуметтік осал топтарға – 7%
• Қалған азаматтарға – 9% мөлшерлеме ұсынылады.
Бағдарлама бойынша жыл сайын 12 мың азамат жеңілдікті ипотека ала алады. Биыл төрт айда бұл бағдарламаға 1,5 мыңнан астам адам қатысқан. Оның ішінде 1 000-ге жуығы – "Жұмысшы мамандықтар" жылы аясындағы еңбек адамдары.