2027 жылдан бастап оқу гранттары өзгереді
Депутат жоғары білім құнының негізсіз қымбаттауын түсіндіруді талап етті.
Мәжілісте шетелдік жоғары оқу орындарының Қазақстандағы филиалдарындағы оқу ақысының қымбаттығы мәселесі көтерілді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутат Самат Нұртаза Ғылым және жоғары білім министрлігі өкіліне бұл бағыттағы баға саясатына қатысты сауал жолдады.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысы ғылыми қауымдастықпен кездесуде шетелдік университеттердегі оқу құнына қатысты сын айтқан. Қазіргі таңда Қазақстандағы ұлттық университеттер мен шетелдік ЖОО филиалдары арасындағы оқу ақысы арасында айтарлықтай айырмашылық бар.
Біздің университеттерде бір студентке арналған грант шамамен 1-1,1 млн теңге болса, шетелдік университеттердің филиалдарында бұл көрсеткіш 2-5 млн теңгеге дейін жетеді. Ең бастысы – шығын құрылымы жағынан айтарлықтай айырмашылық жоқ. Соған қарамастан баға бірнеше есе жоғары, – деді депутат.
Ол мұндай жағдай ұлттық мүддеге кері әсер етуі мүмкін екенін айтып, оқу ақысының не себепті негізсіз қымбат екенін түсіндіруді талап етті.
Өз кезегінде вице-министр Гүлзат Көбенова бұл мәселе министрлік бақылауында екенін мәлімдеді.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, министрлік оқу гранттарының құнын талдау үшін арнайы жұмыс тобын құрды. Қазір шетелдік ЖОО филиалдары мен қазақстандық университеттердегі шығындар салыстырылып жатыр. Нәтижесінде тиісті ұсынымдар мен нормативтік өзгерістер қабылданады, – деді ол.
Вице-министрдің айтуынша, 2027 жылдан бастап енгізілетін жаңа қаржыландыру моделі аясында бұл мәселелер ескеріліп, тәсілдер біріздендірілмек.
Қазіргі таңда бұл тақырып білім беру саласындағы маңызды мәселелердің бірі ретінде қарастырылып отыр. Депутаттар оқу құнының ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.