2,5 есеге дейін арттыру мәселесі пысықталуда. Министр жалақыны көтеру туралы айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сот сараптамасы органдары мамандарының жалақысы 2,5 есеге артады. Бұл туралы Әділет министрі Марат Бекетаев айтты.

Сот сараптамасы органдарының медицина қызметкерлеріне зиянды еңбек жағдайлары үшін қосымша ақы түрінде жалақыны 30 пайыздан 45 пайызға дейін ұлғайту жөнінде шаралар қабылданды. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру үшін осы санаттағы адамдардың жалақысын 2023 жылға қарай 2,5 есеге дейін арттыру мәселесі пысықталуда. Әлеуметтік жағдайды жақсарту мақсатында бонустарды төлей отырып, қызметкерлердің жұмыс қорытындыларын факторлық-балдық шкала бойынша бағалау жүйесі енгізілді, - деді Марат Бекетаев Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Ол сонымен қатар сот сараптамасы органдарының материалдық-техникалық базасы 70 пайызға жаңартылғанын атап өтті. 

Жаңа заманауи функционалдық зертханалық аспаптар мен жабдықтар сатып алынды. Тозу нормаларына сәйкес компьютерлік және офистік техника жаңартылуда. Нұр-Сұлтан қаласында сот сараптамалары институтының үлгілік ғимаратының құрылысы жүргізілуде. 2021-2025 жылдары республиканың тағы 6 өңірінде ғимараттар салу жоспарланып отыр, - деді министр.
Айта кетейік, министр Бекетаев қызметінен кетуді талап еткендерге жауап берген болатын.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы