"2-3 кредиті бар". Депутат күн көру үшін несие алатындардың мәселесін көтерді

Мәжіліс депутаты Ержан Бейсенбаев азаматтардың кредит мәселесін көтеріп, микроқарыздарға қатысты сұрақ қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазір азаматтардың көбі жалақыға дейін күн көру үшін микрокредиттер алуға мәжбүр. Бұл – өте қауіпті құбылыс. Өйткені мұндай қарыздың пайызы аса жоғары. Тіпті кейбір жағдайда 1 мың пайызға дейін жетеді. Қазір бұл – кепілсіз қарыз алудың өте оңай жолы. Ақша тез әрі қарыз алушының табыс деңгейі есепке алынбай беріледі. Дәл осы сегментте жастар өте көп кредит алып жатыр, ал кейбірінің басында 2-3 кредитке дейін бар. Әрине кредит деңгейінің өсуімен проблемалық кредиттер саны да артып жатыр. Бүгінде проблемалық несиелер бойынша жалпы қарыз 1,7 трлн теңгеден асады. Зобасында ұйымдардың осындай микрокредиттер беруіне қойылатын талаптарды қатаңдату көзделе ме? Микроқарыздың бұл түрін алып тастау туралы мәселені қаралды ма? - деп сұрады депутат.

Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ әріптесі көтерген мәселе – күрделі және өзекті екенін атап өтті.

Бүгін заңнамалық тұрғыда жалақыға дейін микрокредит беру мүмкіндігі қарастырылған. Ол 45 күнге дейін 50 АЕК сомасында беріледі, бұл – 184 600 теңге. Бұл пидель деп аталатын шағын несиелер қарыз жүктемесін тиісті бағалаусыз қашықтан беріледі. Сондықтан бүгінде пидель сегметінде 60 компания жұмыс істейді. Олар жоғары ставка бойынша тұрғындарға микрокредитті бере береді, - деп айтты депутат.

Шапақтың айтуынша, заң жобасында проблемалық берешектің өсуіне жол бермес үшін жеке тұлғаға, егер оның бұрын алған пидель қарызы болса, күнтізбелік 90 күннен кешіктірілген берешегі болса, мұндай жағдайда микрокредит алуға тыйым салу туралы норманы енгізу жағы қарастырылып жатыр.

Сондай-ақ қарыз алушының борыштық жүктемесін төмендету үшін шарттың қолданылу мерзімін бірнеше рет ұзарту және оны ұзартқан сайын алатын кредиттік алымды алып тастау туралы ұсыныс берілген. Депутаттар қарыздың бұл түрін (микронесие) мүлдем алып тастау туралы өз ұсынысын берген. Қазір бұл ұсыныс Үкіметтің қорытындысына жіберілген, - деп сөзін толықтырды Үнзила Шапақ.

Ал Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованың сөзіне қарағанда, соңғы 2 жылда қысқа мерзімді онлайн кредит секторында ең жоғары тәуекелдер қалыптасқан. Біріншіден, бұл проблемалық қарыз алушылардың саны өскен. Қазір онлайн микрокредит секторында 227 мың адамның проблемалық кредиті бар. Бұл бүкіл микроқаржы ұйымының секторының проблемалық қарыз алушылар санынан 80 пайызына тең. Бұл өте жоғары.

Екіншіден, бұл секторда борыш жүктемесінің коэффициенті толық орындалмайды. Көптеген заңбұзушылық анықталды. Былтыр біз 77 микроқаржы ұйымын тексердік. Нәтижесінде 43 микроқаржы ұйымында айтарлықтай заңбұзушылықтар анықталды. Тиісті қадағалау шараларын қабылдадық, оларға айыппұл салдық. Нәтижесінде 13 компанияның лицензиясы алынды. Биыл біз қадағалау шаралары бойынша тексерісті қайта жүргіздік. Биыл ақпанда тағы 5 микроқаржы ұйымының лицензиясы уақытша тоқтатылды. Біздің ойымызша, онлайн қысқа мерзімге берілетін кредиттер ең қауіпті, тәуекелі ең жоғары. Адамдардың құқығын қорғау үшін қысқа мерзімге берілетін кредиттердің ерекше түрін алып тастау керек деп санаймыз. Депутаттардың бастамасын қолдаймыз, - деп жауап берді Әбілқасымова депутат көтерген мәселеге.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Артём Чурсинов - архив
Өзгелердің жаңалығы