Бүгiн 2026, 12:13 Фото: «Дауыс» қоғамдық бақылаушылар коалициясы

190 ұйым және 18 мың маман: Референдумды кімдер бақылайды?

Қоғамдық байқау желісінің дайындық барысы мен жалпыхалықтық референдумды өткізуге әзірлік мәселелеріне арналған брифинг өтті.

4 наурызда қоғамдық байқау желісінің дайындық барысы мен жалпыхалықтық референдумды өткізуге әзірлік мәселелеріне арналған брифинг өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Іс-шараға «ДАУЫС» қоғамдық байқаушылар коалициясының төрағасы Төлеген Күнәділов, тең төраға Аян Сәлімгереев және Астана қаласы бойынша штаб жетекшісі Әлия Аубакирова қатысты.

Брифингті ашқан Төлеген Күнәділов 17 ақпанда Коалиция байқау жұмыстарына дайындықтың басталғанын ресми түрде жариялағанын атап өтті. Оның айтуынша, осы кезеңнен бастап ел аумағында заң талаптарына сай, кәсіби әрі жүйелі қоғамдық байқау тетігін қалыптастыру бағытында нақты жұмыстар қолға алынған.

Бүгінгі таңда «Дауыс» қоғамдық бақылаушылар коалициясына шамамен 190 үкіметтік емес серіктес ұйым кіреді. «Әр ұйым ортақ іске өз үлесін қосады: бақылаушыларды оқытуды ұйымдастырады, әдістемелік материалдарды дайындау және тарату жұмыстарын қамтамасыз етеді, сараптамалық және ұйымдастырушылық қолдау көрсетеді, өңірлік жұмысты үйлестіруге көмектеседі», — деп атап өтті республикалық штабтың басшысы.

Қазіргі таңда Коалиция құрамында шамамен 18 мыңға жуық байқаушы бар. Брифинг барысында байқаушылардың жинақталған әлеуметтік-кәсіби бейнесі таныстырылды: олардың 80 пайызы жоғары білімге ие, ал 67 пайызының байқау саласында үш жылдан астам тәжірибесі бар. Құрамында заңгерлер, оқытушылар, дәрігерлер, инженерлер мен кәсіпкерлер бар. Сонымен қатар референдумды бақылауға жастардың қызығушылығы мен белсенділігі артып отыр.

Спикердің айтуынша, байқаушыларды іріктеу және оқыту барысында бейтараптық қағидатын сақтау мен учаскедегі әдеп нормаларын қатаң ұстану басты назарда. Барлық байқаушылар бірыңғай әдістеме негізінде даярлықтан өтеді. Оқыту бағдарламасы құқықтық түсіндіру жұмыстарын, дауыс беру күнінің модельдік сценарийін және есептік құжаттарды рәсімдеу тәртібін қамтиды.

Сондай-ақ брифинг барысында 15 наурыз күні сағат 06:00-де жұмысын бастайтын Республикалық ахуалдық орталықтың қызметі туралы айтылды. Орталық дауыстарды санау аяқталғанға дейін үздіксіз жұмыс істейді. Оның құрамында талдау тобы, құқықтық сарапшылар, жедел желі операторлары және жедел әрекет ету тобы бар. Бірыңғай жедел желі байланысы өз жұмысын жалғастыруда: +7 707 940 2171.

Дайындық жұмыстары аясында Төлеген Күнәділов Астана, Алматы, Қонаев және Талдықорған қалаларында болып, өңірлік штаб жетекшілерімен кездесулер өткізіп, оқыту семинарларына қатысты. Сонымен қатар облыстық штабтармен қашықтан кеңестер ұйымдастырылып, есептілік пен ақпарат алмасудың бірыңғай тетіктері пысықталды.

Брифинг қорытындысында спикер дайындық кезеңі дауыс беру күніне дейін жалғасатынын атап өтті.

Біздің негізгі қағидаттарымыз – заңдылық, бейтараптық және деректердің нақтылығы. Біз референдум сұрағының мазмұнына баға бермейміз. Негізгі мақсатымыз – рәсімнің ашық әрі әділ өтуіне қоғамдық бақылау жүргізу, – деп түйіндеді ол.