19 жылдан кейін Северцов мұздығынан жоғалған альпинистің сүйегі табылды – қызы әкесінің рюкзагын таныған
Табылған рюкзактан ер адамның аты-жөні туралы куәлік табылды, бірақ отбасы әзірге жеке басын ресми растауды күтуде.
Алматы облысындағы Северцов мұздығынан табылған адам сүйегі 19 жыл бұрын тауда жоғалып кеткен ер адамға тиесілі болуы мүмкін. Бұл туралы оның қызы Нелля Михеева мәлімдеді. Оның айтуынша, табылған заттардың арасынан әкесіне тиесілі рюкзак пен оның атына берілген куәлік шыққан. Алайда отбасы марқұмның кім екені туралы ресми растауды әлі күтіп отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Нелля Михеева Instagram-дағы парақшасында құрбысы таңертең оған мұздықтан табылған рюкзактың суреті жарияланған жазбаны жібергенін айтты.
19 жылдан кейін әкемнің сүйегі табылды. Северцов мұздығы еріп, Беларусьтен келген туристер, оларға жолай кетпей, осыны байқап, хабарлағаны үшін зор алғысымды білдіремін, сүйек пен әкеме тиесілі рюкзакты тауып алған, – деді ол.
Әйелдің айтуынша, ол рюкзакты бірден таныған, өйткені оны жақсы білетін.
Қарасам, бұл шынымен әкемнің рюкзагы екен. Өйткені бұл – кеңестік ескі станокты рюкзак. Оның үстіне 2007 жылы тауға дәл осындай рюкзакпен басқа біреудің барғаны екіталай, – деді Михеева.
Кейін бұл жазбаға Нелляның жолдасы да назар аударған. Осыдан кейін отбасы Төтенше жағдайлар министрлігіне хабарласқан. Құтқарушылар туыстарына оқиғамен айналысып жатқан тергеушінің байланыс нөмірін берген.
Нелля Михееваның айтуынша, тергеуші марқұмның кім екенін анықтауға көмектесуі мүмкін құжаттар мен фотосуреттерді жіберуді сұраған.
Біз рюкзакпен тауда жүрген кезіміздегі барлық фотосуреттерді жібердік. Кейін маған қоңырау шалып: «Рюкзактың ішінен әкеңіздің атына берілген куәлік табылды» деді, – деп әңгімеледі ол.
Дегенмен қаза тапқан адамның жеке басы әзірге ресми түрде расталған жоқ. Михееваның айтуынша, қазіргі уақытта оның әпкесі тергеушінің жанында.
Қазір әпкем тергеушінің қасында. Біз ресми растауды күтіп отырмыз. Нақты, жүз пайыз дәлелденген ақпарат болған кезде бірден стористе хабарлаймын, – деді ол.
Нелля Михеева бұл жаңалықтан кейін бір мезетте әрі жеңілдік, әрі ауыр қайғы сезінгенін мойындады.
Оқиғаның осындай қайғылы жолмен болса да аяқталғанына қуаныштымын. Ақыры оны тапты. Енді денесін жер қойнына тапсыра аламыз. Ал ауыртпалығы – осының бәрін қайтадан бастан өткеріп отырғанымызда, – деді ол.
«Оның денесі тауда қалып қойды»
Оқиғадан кейін Михеева 2019 жылы әкесіне арнап жазған жазбасын еске алды.
Ол әкесінің бала кезінен өзін тауға алып барғанын, Владимир Высоцкий, Юрий Визбор, Александр Розенбаум, The Beatles және Pink Floyd шығармаларына деген сүйіспеншілігін оятқанын, кітап оқуға, ойлануға және сұрақ қоюдан қорықпауға үйреткенін жазған.
Оның айтуынша, омыртқасына жасалған операциядан кейін ер адамға мүгедектік белгіленіп, бес келіден артық зат көтеруге тыйым салынған. Бұл оның тауға шығуына іс жүзінде мүмкіндік бермеген. Алайда ол жаттығуын жалғастырып, темекіні тастаған. Кейін мүгедектігі алынып, альпинизмге қайта оралған.
Өмірімде дәл осындай әкем болғанына өте бақыттымын! Ол мені алты жасымнан бастап тауға бірге алып баратын, – деп жазған Михеева 2019 жылғы жазбасында.
Сол кезде ол әкесінің жоғалғанына 12 жыл болғанын айтқан.
Ол 12 жылдан бері тек біздің жадымызда және жүрегімізде өмір сүріп келеді, ал денесі тауда қалып қойды, – деп бөліскен еді ол.
Северцов мұздығынан табылған адам туралы не белгілі?
Бұған дейін БАҚ-та 16 тамызда туристер Алматы облысындағы Северцов мұздығынан адам сүйегін тауып, төтенше жағдайлар қызметіне нақты координаттары, фото және бейнематериалдарды бергені хабарланған.
Іздеу-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін мұздыққа «Қазавиақұтқару» тікұшағы жіберілді. Оның бортында Төтенше жағдайлар министрлігінің Республикалық жедел-құтқару жасағы «Барыстың» құтқарушылары мен Апаттар медицинасы орталығының мамандары болды.
Сүйек теңіз деңгейінен шамамен 4300 метр биіктіктен табылған. Құтқару операциясына жетуі қиын жер, тік беткейлер және биік таулы аймақтың күрделі жағдайлары кедергі келтірді.
Сүйек пен табылған заттар таудан түсірілгеннен кейін полиция қызметкерлеріне тапсырылды. Бұған дейін қаза тапқан адамның жеке басы ресми түрде айтылмаған болатын.
Қазір марқұмның кім екені туралы түпкілікті растауды отбасы күтіп отыр.
Посмотреть эту публикацию в Instagram