19 жастағы қателік: 26 жыл бойы арқалап келем...
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мен Нұргүл Жиенбаева Шығыс Қазақстан облысынан хат жолдап отырмын. Мен 1993 жылы Семейдің №1 перзентханасында босандым, деп басталады "Бармысың, бауырым" хабарына келіп түскен кезекті бір хаттың мәтіні.
Бірнеше жыл қатарынан Семейге жол түскен сайын сол перзентханаға барып сұраймын, жауап жоқ. Ешкім ештеңе білмейді. Бұл өмірімдегі ең үлкен өкінішім. Шіркін, уақытты 26 жылға шегерсе ғой, ешкімнен ұялмай-ақ, сол ұлымды құшақтап үйге алып қайтар едім. Қателігімді мойындаған сайын ауыр ойдың салмағы артып барады. Өз еркіммен бас тартқанда дәрігерлер әкеп берген қағазға қол қойғаным ғана есімде. Ол құжатта не жазылғанын да оқымаппын...
Мүмкін баламды басқа отбасы асырап алған шығар. Мүмкін балалар үйінде өсті ме екен... Мына жарық дүниеде әкеліп, тастанды балалар қатарына қосқаным үшін кешірім сұраймын. Ұлым да мені іздеп жүр ме екен?..
Ұлым, кешірші мені! Мен сені іздеп жүрмін.
"Бармысың, бауырым?" хабарынан сүйінші жаңалық күтемін, үміт үзбеймін.
Айта кетейік, "Бармысың, бауырым" хабары "Қазақ радиосының" әуе толқынында сейсенбі, 10:15-те тікелей эфирде өтеді. Студияның байланыс нөмірі: +7(717-2)75-72-75 және +77075355383 – редактор Әсел Асқарқызы.