19 қаңтарда еліміздің барлық өңірінде төтенше жағдайдың күші жойылады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 19 қаңтарда жарым түннен кейін, яғни сағат 00:00-ден бастап, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында, сонымен қатар Алматы, Атырау, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау облыстарында төтенше жағдайдың күші жойылады.
Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли әлеуметтік желіде жазды.
Бұған дейін Президенттің Жарлықтарына сәйкес, өзге өңірлерде төтенше жағдай мерзімінен бұрын тоқтатылған болатын. Осылайша, бүкіл ел аумағы қалыпты өмірге оралады. Төтенше жағдай кезіндегі қоғамдық тәртіпті қорғауды күшейту және еркін жүріп-тұруға, елді мекендерге кіруге және шығуға, т.б. қосымша енгізілген шектеу шаралары да жойылады, – деді Президенттің баспасөз хатшысы.
Сондай-ақ ол еліміздің барлық аумағында тәртіп пен тыныштық қалпына келтірілгенін айтты.
Халықтың бірлігі мен тұтастығының, құқық қорғау органдары мен әскерилердің жанкешті іс-қимылдарының арқасында Қазақстанның барлық аумағында тәртіп пен тыныштық қалпына келтірілді. Елімізде әрқашан бейбітшілік пен игілік болсын! – деп жазды Берік Уәли