Елімізде халықаралық стандарттарға сай 19 көпсалалы аурухана салынады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Денсаулық сақтауды дамыту мемлекеттік бағдарламасында 2025 жылға дейін халықаралық стандарттарға сай 19 заманауи көпсалалы аурухана салу көзделген. 

Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Үкімет отырысында мәлімдеді. 

"Денсаулық сақтау жүйесінің тұрақты дамуы" міндеті аясында халықтың денсаулыққа жеке шығындары 39%-дан 27%-ға төмендейді. Елбасының тапсырмасын орындау барысында алғашқы медициналық-санитариялық көмек пен қоғамдық денсаулық сақтауды қаржыландыру жалпы шығыстардың 60%-ына жетеді, - деді Біртанов.

Министр денсаулық сақтау саласында құрал-жабдықтарды жаңарту, ірі объектілерді салуға инвестициялық шығындарды өтеу, тарифтерді жетілдіру көзделгенін атап өтті.

Президент тапсырмасы бойынша, медициналық техникамен жабдықтау 100%-ға жетіп, медициналық ғимараттарының тозуы 32%-ға төмендейді. Денсаулық саласына инвестициялар көлемі алты жылда 2,8 трлн теңгеге жетеді. Оның ішінде жеке инвестициялар үлесі 70%-дан  асады. 2025 жылға дейін халықаралық стандарттарға сай 19 заманауи көпсалалы аурухана салынады және бұған 1 трлн теңгеден астам инвестицияларды тарту жоспарланған, - деді министр.

Біртанов осы жұмыстар ірі халықаралық жеке инвесторлар арқылы орындалатынын айтты. Бұл мақсатта ағымдағы жылдың 11 желтоқсанында Қазақстан Республикасының Үкіметі мен ЕҚДБ арасындағы ниет туралы меморандумға қол қойылды.

Бұған дейін, Елжан Біртанов дәрігерлердің жалақысы 2,5 есеге артатынын мәлімдеді. Сонымен қатар, Қазақстанда өмір сүру ұзақтығы 73 жастан асқанын айтты.

 
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы