Қазақстан арқылы 19,4 млн тонна транзиттік жүк тасымалданды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанның транзиттік әлеуеті жыл өткен сайын артып келеді. Және ол мүмкіндікті тиімді пайдалану бағытында нақты жұмыстар атқарылуда.

Нәтижесінде 2019 жылдың қорытындысында Қазақстан арқылы тасымалданған транзиттік жүк көлемі 19,4 млн тоннаға жетті. Оның ішінде темір жол көлігі арқылы транзиттік тасымалдау көлемі 17,5 млн тоннаны құрады. Көліктің бұл түрімен еліміз аумағы арқылы өтетін транзиттік жүк ағынының негізгі үлесі, яғни 75,6% немесе 11,5 млн тоннасы Орталық Азия елдеріне тиесілі.

Атап айтсақ, ол көрсеткіштің 7,1 млн тоннасы – Өзбекстанға, 2,26 млн тоннасы – Қырғызстанға, 1,2 млн тоннасы – Тәжікстанға, 0,26 млн тоннасы – Ауғанстанға жөнелтілген. Ресейдің үлесі – 2,8% болса, транзиттік жүктің 13,8% – Қытайға, 7,1% – Еуропа Одағы елдеріне тасымалданған.  

Қазақстан аумағы арқылы тасымалданған жүктің түрі де сан алуан. 18.5%-пен бірінші орында мұнай тұр. Одан кейін қара металдар - 10,7%, химикаттар мен сода - 6,8%, химиялық және минералдық тыңайтқыштар - 2,2%, астық - 1,7% құрайды. Өзге де жүктер - 55,6%.

Ал автокөлікпен 2019 жылы 1,93 млн тонна транзиттік жүк тасымалданды. Ол жүктің негізгі бағыттары мынандай:

Қытайдан Еуропа Одағы елдеріне – 14 мың тонна, Орталық Азия елдеріне 779 мың тонна, Ресейге 61,7 мың тонна жүк жеткізілді.

Орталық Азия елдерінен Еуропа Одағына 106,5 мың тонна, Ресейге 396 мың тонна, Қытайға 5,4 мың тонна жүк апарылды.

Ресейден Орталық Азия елдеріне 9,7 мың тонна.

Еуропа Одағы елдерінен Орталық Азияға 567 мың тонна, Қытайға 2,7 мың тонна транзиттік жүк жеткізілді.

Автокөліктер арқылы негізінен машиналар, механизмдер, құрал-жабдықтар мен аппаратуралар тасымалданды. Оның ішінде электрондық жабдықтар - 20,1%, өсімдік өнімдері - 17,3%, халық тұтынатын тауарлар - 15%, бастапқы материалдар, маталар, тоқыма материалдары мен бұйымдар - 11,5% және т.б. тауарлар құрады. 

Сондай-ақ, 2019 жылдың қорытындысында Қазақстан аумағы арқылы контейнерлердің транзиттік тасымалының жалпы көлемі 23% артып, 664 мың контейнерге жетті. Оның ішінде Қытай–Еуропа–Қытай бағытындағы контейнерлер саны 11% артып, 347 мың контейнерді құрады.

Осылайша Қазақстан 2019 жылы транзиттік тасымалдаулардан 450 млрд теңгеден астам табыс тапты.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы