18 жастағы қыз туған күнінде дауыс берді

Маңғыстау облысы Құрықтағы 145 сайлау учаскесінде 18 жасқа бүгін толып жатқан Ерденбай Ажар Қайратқызы келіп, алғаш рет дауыс берді,  деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бүгін Ажар Ерденбайдың туған күні. Ол 18 жасқа толып, кәмелеттік жасқа толған Қазақстан азаматы ретінде Қазақстан Республикасының кезектен тыс президент сайлауында дауыс беріп, өз таңдауын жасады.

"Бүгін ерекше күн болып жатыр. Туған күнім мен сайлау күнінің қатар келуі өте ерекше сезім. Сайлау учаскелеріне алғысым шексіз. Төл мерекеммен құттықтап, сый-сияпат жасады. 18 жасқа толсам, ересектер қатарына қосыламын, деп бұл күнді асыға күттім. Сөйтсем, есею деген — еркіндікпен қатар өзіңе жауапкершілік жүктеу деген сөз екен. Міне, бүгін туған күніме сайлау науқаны дөп келді. Алғаш рет сайлауға қатысып,  жаңа Қазақстан үшін, жарқын болашақ үшін дауыс бердім. Мен елімнің ертеңіне сенемін, Жаңа Қазақстанды құруға үлес қосамын!" - деді сайлаушы Ажар Ерденбай.

Еске сала кетсек, президент сайлауында кандидаттар Жигули Дайрабаев, Нұрлан Әуесбаев, Қарақат Әбден және Қазақстанның қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаев дауыс берді. Олармен қоса премьер-министр Әлихан Смайылов, ҚР Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов, Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин, бірқатар министрлер мен әкімдер сайлау учаскелеріне келіп, өз таңдауын жасады.

Қазақстан азаматтары кешкі сағат 20.00-ге дейін дауыс бере алады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы