17 Қазан 2026, 21:52 Фото: pixabay

18 қазан күні ауа райы қандай болады

Қазақстанның бірқатар өңірінде ауа райының қолайсыздығы күтіледі.

Синоптиктердің болжамынша, Қазақстанның бірқатар өңірінде ауа райының қолайсыздығы күтіледі. Елдің батысы мен оңтүстігінде шаңды дауыл соқса, кейбір облыстарда үсік пен көктайғақ болады деп болжануда, деп хабарлайды BAQ.KZ «Қазгидрометке» сілтеме жасап.

Атырау және Маңғыстау облыстарында күндіз шаңды дауыл тұрып, желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге жетеді. Бұл өңірлерде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады. Батыс Қазақстан облысында кей жерлерде жаңбыр жауып, найзағай ойнап, шаңды дауыл соғады. Ал Қызылорда облысында күндіз шаңды дауыл күтіліп, түнде топырақ бетінде -1°С үсік жүреді.

Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында күндіз жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын жауып, көктайғақ болады. Желдің екпіні секундына 15-20 метрге жетеді. Алматы, Жетісу және Жамбыл облыстарында түнде ауа температурасы -2…-7°С-қа дейін төмендеп, үсік жүреді. Сондай-ақ Астана, Көкшетау, Қарағанды және Петропавл қалаларында түнде және таңертең тұман түседі деп күтілуде.

Төтенше жағдайлар қызметі мен синоптиктер тұрғындар мен жүргізушілерді жолда абай болуға және қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады.