«18 килогерц» фильмі үздік атанды
Қазақстан киносыншылар қауымдастығы Алматыда өтіп жатқан VII Халықаралық «Байқоңыр» кинофестивалі шеңберінде «Сыншылар таңдауы» киножүлдесінің жеңімпаздарын жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Пандемия салдарынан аталған киножүлде соңғы рет 2020 жылы өткізілгендіктен, ұйымдастырушылар соңғы екі жылда жарыққа шыққан қырықтан астам туындылардың ішінен үздіктерін анықтады.
Нәтижесінде, 4 бірдей номинацияда ұсынылған Фархат Шариповтың «18 килогерц» көркем фильмі «Үздік фильм» жүлдесімен марапатталды. Жүлдені Киносыншылар қауымдастығының президенті Гүлнар Әбікеева табыстады.
Шетелде алған бірнеше жүлдеміз бар, алайда, туған жерде осындай марапатқа ие болғанымызға өте қуаныштымыз, - деді марапаттау рәсімінде фильмнің продюсері Дина Жұмабек.
Айта кетсек, «18 килогерц» фильмі алғаш рет Халықаралық Варшава кинофестивалі шеңберінде көрсетіліп, қазақ киносының тарихында тұңғыш рет аталған фестивальдің бас жүлдесін жеңіп алған болатын. Сондай-ақ, Зара Есенаманның «Хардкор» повесінің желісімен түсірілген бұл фильм Германияда өткен 30-шы Халықаралық Котбус кинофестивалінде «Үздік фильм» жүлдесімен марапатталып, Қазан қаласында өткен Халықаралық мұсылман киносының фестивалінде бас жүлдеге қол жеткізген болатын.
«Сыншылар таңдауы» киножүлдесінің кезекті жеңімпазы - «Жаным, айтсам сенбейсің» фильмі. Бұл кеште аталған кинотуынды «Үздік жанрлық фильм» жүлдесімен марапатталды. Сондай-ақ бұл фильм «Үздік қоюшы суретші» (Әлия Одинаева), «Екінші пландағы үздік ер адам бейнесі» (Дулыға Ақмолда), «Үздік ән» (ИРИНА КАЙРАТОВНА feat. Hiro, De Lacure & Fatbelly – Koke) номинацияларында жеңіске жетті.
«Атбайдың шайқасы» фильмі үш бірдей жүлдемен марапатталды - «Үздік режиссер» (Әділхан Ержанов), «Үздік актер» (Данияр Алшынов), «Екінші пландағы үздік әйел бейнесі» (Динара Бақтыбаева).
Қазақстан мен Жапония бірлесіп түсірген «Барымташылар» фильмі «Үздік сценарий» (Ерлан Нұрмұхамбетов және Лиза Такеба) және «Үздік қоюшы оператор» (Әзиз Жамбакиев) жүлделермен марапатталды.
Актриса және продюсер Әсел Садуақасова «Ұлболсын» фильмінде сомдаған рөлі үшін «Үздік әйел бейнесі» жүлдесімен, ал итальяндық композитор Сандро ди Стефано «Оңбағандар» атты трагикомедиясы үшін «Үздік ән» жүлдесімен марапатталды. «Сыншылар таңдауы» киножүлдесінде бес бірдей номинацияда ұсынылған Әлішер Жәдігеровтың «Отау» фильмі «Үздік дебют» номинациясында жеңіске жетті.
Сондай-ақ, Қазақастан киносыншылар қауымдастығы қазақ деректі киносының дамуына қосқан үлесі үшін Қанат Бейсекеевке және қазақ онлайн-сериалдардың дамуына қосқан үлесі үшін Анар Жүнісова мен Қуат Садықовқа арнайы жүлделерді табыстады.
Естеріңізге сала кетсек, Қазақстан киносыншылар қауымдастығы өз жұмысын 2015 жылдан бері атқарып келеді. Бүгінгі таңда қауымдастықтың мүшелігіне 15 кәсіби сыншылар мен кинотанушылар қабылданған.