18 келі торт үшін блогерден 3 миллион теңге моральдық өтемақы сұрады
Астананың Азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотында кондитер Нұршат Ақбергенованың блогер Аселина Батырға қарсы түсірген арызы бойынша іс қаралып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сот отырысында талап-арыз оқылып, онда 3 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы мен төрт қабатты торт үшін 500 мың теңге өндіріп алу көрсетілген.
Талапкердің айтуынша, салмағы 18 келі болатын торт жауапкер Аселина Батыр үшін дайындалған. Алайда кәсіпкер Ақбергенова тек 100 мың теңге алдын ала төлем алған. Төрт қабатты торттың жалпы құны 600 мың теңгені құраған, оның шамамен 350 мың теңгесі азық-түлік пен материалдарға жұмсалған, қалғаны кондитердің еңбекақысы.
Сотта Аселина Батырдың іс-шарасына арналған тортқа байланысты келісім WhatsApp мессенджері арқылы жасалғаны да қаралды.
Судья шығындарды құжатпен дәлелдеудің маңыздылығына назар аударды.
Сіз торттың құны 600 мың теңге деп көрсетіп, 500 мың теңге талап етіп отырсыз. Бірақ дәлелдемелерді алдын ала ұсыну қажет. Қазір сіз оларды бүгін немесе ертең ғана жолдамақшысыз. Бұл сот қаралуының созылуына әкеліп отыр, - деді сот.
Жауапкер Аселина Батырдың өкілдері моральдық шығын көлемімен келіспейтіндерін білдірді. Олардың пікірінше, ол торт дайындауға кеткен нақты материалдық шығындардан бірнеше есе артық.
Заңгерлердің айтуынша, нақты шығын шамамен 500 мың теңгені құрайды. Сонымен бірге, 3 миллион теңге талап етуге заңды негіз жоқ. Жауапкер тарап бұған қоса, денсаулыққа айтарлықтай зиян келгенін немесе өзге де салдарларды растайтын дәлелдердің жоқ екенін атап өтті.
Қорғаушы тараптың пікірінше, блогер әлі де белсенді қоғамдық қызметін жалғастырып келеді және дәлелденетіндей моральдық жапа шекпеген.
Еске сала кетейік, кондитер Нұршат Threads желісінде қазақстандық блогер Аселина Батыр туған күніне арналған дизайнерлік торт үшін 600 мың теңге төлеуден бас тартқанын жариялаған еді.