177 млрд теңге және 100 жоба: Қазақстан цифрлық серпіліс жасай ала ма?
Қазақстан Үкіметі бекіткен жоспар 8 бағыттан тұрады және 100-ден астам іс-шараны қамтиды.
Қазақстан жасанды интеллект дәуіріне қадам басты. Биыл елде «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» жарияланып, экономиканың барлық саласын жаңғырту көзделіп отыр. Бұл бастама шын мәнінде серпіліс әкеле ме? Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі BAQ.KZ тілшісінің арнайы сауалына жауап беріп, аталған жылдың негізгі бағыттары мен күтілетін нәтижелерін түсіндірді.
Негізгі бағыттар қандай?
Үкімет бекіткен жоспар 8 бағыттан тұрады және 100-ден астам іс-шараны қамтиды. Олар цифрлық экономиканы дамыту, мемлекеттік басқаруды жаңғырту, адами капиталды күшейту, инфрақұрылымды дамыту және киберқауіпсіздікті арттыру секілді бағыттарды қамтиды.
Цифрландыру және жасанды интеллект жылы – бұл жекелеген жобалар жиынтығы емес, экономиканың барлық секторын қамтитын кешенді трансформация, - деді басқарма басшысы Айнұр Альмуханова.
Министрлік бағдарлама аясында «Digital Qazaqstan» стратегиясын әзірлеу, IT-компанияларға салықтық және реттеушілік жеңілдіктер беру жоспарланып отырғанын айтады.
Сонымен қатар цифрландыру, жасанды интеллект, деректер мен киберқауіпсіздік салалары бойынша заңнамалық бастамалардың кемінде 90%-ын қабылдау көзделген.
Адами капиталды дамыту да басты назарда. AI-SANA бастамасы арқылы мектептен бастап ересектерге дейін жасанды интеллект бойынша білім беру жүйесі енгізілмек. Онда 450 мың оқушы мен оқытушы цифрлық және ЖИ дағдыларымен қамтылады,- делінген министрлік жауабында.
Сондай-ақ биыл AI University жобасы іске қосылып, өңірлерде Tomorrow School желісі кеңейтіледі. Мемлекеттік қызметшілер мен топ-менеджерлерге арналған арнайы бағдарламалар да қарастырылған.
Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында қабылданған жоспар еліміздің цифрлық трансформациясын жүйелі түрде жүзеге асыруға бағытталған. Бұл бастамалар адами капиталды дамытуға, мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруға және жаңа экономиканы қалыптастыруға мүмкіндік береді, – деді басқарма басшысы Айнұр Альмуханова.
Мемлекеттік қызметтер қалай өзгереді?
Алдағы өзгерістердің бірі – мемлекеттік қызметтердің жаңа форматқа көшуі болып отыр.
Министрлік мәліметінше, GovTech моделіне көшу аясында мемлекеттік қызметтер толық цифрландырылып, жаңа деңгейге шығарылады.
Нәтижесінде мемлекеттік қызметшілердің 80%-ы бірыңғай цифрлық жұмыс орнымен қамтылады, кемінде 50 мемлекеттік қызмет жасанды интеллект арқылы көрсетіледі және ақпараттық жүйелердің 30%-ы QazTech платформасына көшіріледі, - делінген ресми жауапта.
Сонымен қатар интернет сапасын арттыру бағытында да өзгерістер күтіледі.
Пойыздар мен ұшақтарда, туристік аймақтарда интернет қолжетімді болады. Ал Direct-to-Cell технологиясы арқылы байланыс сапасы 75%-ға дейін жақсаруы мүмкін, - дейді министрлік.
Киберқауіпсіздік пен инфрақұрылым
Бағдарламада киберқауіпсіздікке ерекше мән берілген.
Мемлекеттік жүйелерге аудит жүргізіліп, деректерді қорғау күшейтіледі. Сондай-ақ жаңа деректерді өңдеу орталығына көшу жоспарланған. Ал инфрақұрылым бағытында ауылдарға талшықты интернет тартылады және автожолдар мобильді интернетпен қамтылады. Сондай-ақ 20 қала толық 5G желісіне қосылмақ, - дейді министрлік.
Салалар қалай цифрланады?
Жоспар бойынша экономиканың негізгі секторларында цифрлық шешімдер енгізіледі.
Атап айтқанда энергетикада ЖИ енгізіледі,геологиялық деректердің 90%-ы цифрланады,ауыл шаруашылығында өнімділік 10%-ға артады деп күтілуде. Сонымен қатар құрылыс жобаларының 30%-ы BIM арқылы жүзеге асса, әлеуметтік-еңбек саласының 90%-ы цифрлық форматқа көшеді.
177 млрд теңге: нәтиже бола ма?
Бағдарлама аясында пилотсыз технологиялар, криптоиндустрия және цифрлық активтерді дамыту да қарастырылған. Сонымен қатар спутниктерді ұшыру және экспорттау бағыттары бар.
2026 жылы бұл бастамаларды іске асыру үшін республикалық бюджеттен 177,1 млрд теңге бөлінген, - делінген ресми жауапта.
Алайда басты сұрақ өзгермейді: бұл қаржы нақты цифрлық серпіліске жеткізе ме, әлде жоспар деңгейінде қалып қоя ма? Оның жауабы алдағы бірнеше жылда белгілі болмақ.
Тағы оқи отырыңыздар:
Бектенов "Семей орманында" ЖИ арқылы өртті ерте анықтау жүйесін тексерді
ЖИ жүргізушілерді қалай бақылайды: Қазақстан жолдарында не өзгеруде?
ЖИ бір миллионға жуық қазақстандықтың жұмысына ортақтасады: Еңбек министрлігі қай мамандыққа қауіп төнетінін айтты