1700-ден астам ЖКО: Астанада полиция апатты аймақтарды бақылауды күшейтті

Астанада жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында “Қауіпсіз жол” жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Шара аясында қалалық Полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев көше-жол желісінің апатты учаскелерін аралап, инфрақұрылым жағдайын тексерді, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Полиция дерегінше, жыл басынан бері қалада 1700-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркелген. Іс-шара барысында 2453 құқық бұзушылық анықталды, оның ішінде 131-і – жүк көліктерінің жүргізушілеріне тиесілі.

Жол жағдайына тәулік бойы мониторинг жүргізу үшін бейнебақылау камералары, смарт-жетондар және патруль автокөліктеріндегі камералар қолданылады. Сонымен қатар, “Бірыңғай дрондар инфрақұрылымы” шеңберінде жол қозғалысына әуе бақылауы ұйымдастырылған.

ПД бастығы Марат Төлебаевтың айтуынша, 2020–2024 жылдары Қарағанды – Көкшетау тасжолы бағытындағы айналма жол учаскесінде 89 жол апаты болып, 16 адам қаза тапқан, 102 адам жарақат алған. Бұл халықаралық Алматы – Екатеринбург транзиттік бағытының бір бөлігі.

Қауіпсіздікті арттыру мақсатында жолақтар ұзартылып, жылдамдықты төмендету белгілері орнатылды, “Сергек” камералары енгізілді, “Екин Патруль” экипаждарының жұмысы күшейтілді. Соның нәтижесінде 2025 жылы бұл учаскеде адам өлімімен аяқталған бірде-бір жол апаты тіркелмеген.

Биыл жеті ірі қиылыста бағдаршамдардың жұмыс режимі де өзгертілді. Қызыл сигнал барлық бағыт бойынша 4 секунд қатарынан жанады. Бұл маневрді қауіпсіз аяқтауға мүмкіндік беріп, жол апаттарының азаюына әсер еткен. Мәселен, Қараменді би Шақаұлы – Земляничная көшелері қиылысында бұрын 28 ЖКО тіркелсе, режим өзгергеннен кейін оқиға тіркелмеген.

Полиция әрбір жол-көлік оқиғасы жеке талданып, инфрақұрылымға қажетті түзетулер енгізілетінін атап өтті. Тәртіп сақшылары қала тұрғындарын жол қозғалысы ережелерін сақтауға шақырады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы