Алматыда 1700 бала үшін жаңажылдық көрсетілім қойылды

Алматы, BAQ.KZ. Бүгін Қазақ мемлекеттік циркінде қаланың барлық мектебінің оқушылары үшін жаңажылдық көрсетілім өтті.

Жаңажылдық шара Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша ұйымдастырылған. Оған қаладағы барлық сегіз аудан мектептерінің оқушылары шақырылыпты. Жаңажылдық көңілді шараға келгендердің арасында мемлекеттік қолдауға зәру жетімдер, ата-ана қарауынсыз қалғандар, мүмкіндігі шектеулі балдырғандар, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балалары, оқу үздіктері болды. Жаңажылдық мерекеге барлығы 1700 бала келді.


Қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың атынан балаларды Алматы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров құттықтады.

Жаңа жыл – ең алдымен балалардың мерекесі, өйткені олар сиқырға сенеді. Сендер – тәуелсіз Қазақстанның болашағысыңдар. Тәуелсіздік жылы дүниеге келген сендер жас мемлекетімізбен бірге өсіп, нығаюдасыңдар. Сендерге денсаулық пен бақыт тілеймін, өздеріңе, болашақтарыңа және алға қойған мақсаттарыңа жетуге ұмтылыңдар, - деді жаңажылдық қойылымға қатысқандарға Алматы әкімінің орынбасары.


Кішкентай көрермендер үшін лазерлі шоу болды, цирк артистері мен шоу-балет "Жаңа жылмен, Алматы!" вокалды-хореографиялық қойылымын көрсетті. Барлық балаға жаңажылдық сыйлықтар берілді.



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы