17 жас ғалымға пәтер сертификаттары табысталды
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек 17 жас ғалымға пәтер сертификаттарын салтанатты түрде табыстады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Президенттің 2024 жылғы 31 мамырда «Ғылым ордасында» жас ғалымдармен кездесуінде берген тапсырмасын орындау мақсатында ғалымдардың әлеуметтік мәртебесін көтеру және қолдау көрсету, сондай-ақ ғылымға жас кадрлардың келуін ынталандыру үшін Комиссия Алматы қаласында баспана беру үшін мемлекеттік органдарға ведомстволық бағынысты ғылыми ұйымдардың, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының жас ғалымдарының кезекті тізімін айқындады.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі 2024 жылғы мамыр айынан бастап баспанаға мұқтаж жас ғалымдардың (40 жасқа дейін қоса алғанда) тізімін қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізуде. Алматы қаласында орналасқан мемлекеттік органдарға ведомстволық бағынысты ғылыми ұйымдар мен жоғары оқу орындарынан 300-ге жуық өтінім келіп түсті.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі бұл жұмысты кезең-кезеңімен жүргізуде. Жас ғалымдар санының артуы ғылымның дамуына, ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруға, сондай-ақ жаңа экономикалық кластерлер құруға оң әсер етеді.
Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасымен өткен жылы 25 жас ғалым тұрғын үй сертификаттарын алды. Сонымен қатар 2023 жылғы 19 қазанда ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен «Отбасы банк» АҚ арасында жас ғалымдарға 2023-2027 жылдарға арналған жеңілдетілген кредит беру бағдарламасы бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Қазіргі уақытта аталған бағдарлама бойынша 290 жас ғалым жеңілдікпен баспана алды.