Бүгiн 2026, 16:26 Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

"17 млрд па, әлде 27 млрд па?": Депутат рақымшылыққа қатысты статистиканы сынады

Қазақстанда 70 мемлекеттік орган бойынша 1,4 миллионнан астам әкімшілік іс тіркелген

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Бақытжан Базарбек рақымшылық аясында кешірілетін әкімшілік айыппұлдардың көлеміне қатысты маңызды сұрақ көтерді. Депутат құзырлы органдар ұсынған статистиканың бір-біріне сәйкес келмейтінін сынға алып, Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратура өкілдерінен нақты түсініктеме талап етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Заң жобасы Мәжілісте бірден қолдау тапқанымен, оны жүзеге асыру барысындағы тәуекелдер депутаттар тарапынан қатты сынға ұшырады. Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Ішкі істер министрлігі (ІІМ) мен Бас прокуратура өкілдеріне ресми сандардың сәйкес келмеуіне байланысты тікелей сұрақ қойды.

Сіздер 17 миллиард теңге көлеміндегі әкімшілік айыппұлдарға рақымшылық жасалатынын айтып отырсыздар. Ал Бас прокуратура 26-27 миллиард теңге деген деректерді келтіреді. Неліктен статистика әртүрлі? – деді Бақытжан Базарбек ІІМ өкілі Санжар Әділовке.

Бас прокуратура өкілі бұл жағдайды бүкіл ел бойынша 70-ке жуық мемлекеттік орган әкімшілік істерді жүргізетінімен түсіндірді.

Әкімшілік істердің бірыңғай есебін Бас прокуратура жүргізеді. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді шамамен 70 мемлекеттік орган қарайды, олардың ішінде Ішкі істер министрлігінің үлесі едәуір. Қазіргі таңда барлық мемлекеттік органдар бойынша 1 миллион 471 мыңнан астам әкімшілік іс тіркелген. Олардың жалпы сомасы 21 миллиард теңгеден асады. Соның ішінде Ішкі істер министрлігіне қатысты әкімшілік айыппұлдардың көлемі шамамен 17 миллиард теңгені құрайды, – деді Бас прокуратура өкілі.

Сонымен қатар, депутат Бақытжан Базарбек комитет жиналысында рақымшылыққа ілінетіндердің толық тізімін сұрағанын, бірақ оның әлі берілмегенін алға тартты. Бұған жауап берген ІІМ өкілі Санжар Әділов сотталғандардың дербес деректерін жариялауға заң бойынша шектеу барын ескертті.

Заң нормаларына келетін болсақ, сотталған адамдардың да өздерінің құқықтары бар. Сондықтан бұлардың дербес жеке мәліметтерін жариялауға болмайды. Тек қана мынау кәсіби міндеттерін атқарған лауазымды тұлғалар ғана сотталғандардың жеке дербес деректерін ала алады. Ақпаратқа келетін болсақ, бізге нақты ақпараттар автоматтық жүйелерде тексерілген, – деді Санжар Әділов.

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек бұған дейінгі рақымшылық шаралары кезіндегі келеңсіздіктерді мысалға келтірді.

Жақында болған рақымшылық шаралары аясында банкир Жомарт Ертаевтың жағдайы қоғамда үлкен талқылау тудырды. Бұл мәселе Абзал Темірғалиұлының (депутат Құспан – ред.) тікелей араласуынан кейін ғана өз шешімін тапты. Нәтижесінде ол қайтадан бас бостандығынан айыру мекемесіне қайтарылды. Мұндай қателіктер мен тәуекелдердің алдын алу мәселесі сіздердің тарапыңыздан қаншалықты зерттелді? – деді Мәжіліс депутаты.

Жомарт Ертаев кейсі

Бұған дейін біз 2020 жылы Bank RBK-ден 144 миллиард теңге жымқырғаны үшін сотталған бұрынғы банкир Жомарт Ертаевтың амнистия бойынша колониядан босатылған болатын. Сол кезде Қазақстан Республикасы Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті оның босатылғанын растады және Ертаевтың пробация қызметінің есебіне қойылғанын хабарлаған еді.

Кейін Алматы облыстық соты Жомарт Ертаевқа қатысты рақымшылықты қолдану туралы шешімді жойды. Бұған дейін экс-банкир өтелмеген жаза мерзімі бойынша босатылған еді. Енді оның өтініші қанағаттандырылмай, сот қаулысының күші жойылды. 

Аида Шакибекова