Қазақстанда жұмыссыздық мәселесі қалай шешіліп жатыр?
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева депутаттардың жұмыссыздық мәселесіне қатысты сауалына жауап берді.
Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева депутаттардың жұмыссыздық мәселесіне қатысты сауалына жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, 2025 жылғы 4 тоқсанда ауылдарда жұмыс күшінің саны 3,6 млн адамды құрады, оның ішінде 3,4 млн жұмыспен қамтылған халық және 1,1 млн өзін-өзі жұмыспен қамтыған ауыл тұрғындары.
Ауылдарда ресми жұмыссыздардың саны 162,3 мың адам, жұмыссыздық деңгейі жұмыс күшіне шаққанда 4,6% мөлшерінде қалыптасты (2024 жылдың деңгейінде).
2025 жылы ауылдарда 174,7 мың адам жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тартылды:
- 107,2 мың адам субсидияланатын жұмыс орындарына орналасты;
- 28,9 мың адам «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытылды;
- 28,2 мың адам еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптер бойынша онлайн оқумен қамтамасыз етілді;
- халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын 5,6 мың адамға жаңа бизнес идеяны іске асыруға 400 АЕК мөлшерінде гранттар берілді;
- 4,8 мың адам жұмыс берушілердің өтінімдері бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жіберілді.
Еңбекмині субсидияланатын жұмыс орындарының тиімділігін арттыру, оның ішінде жалған жұмыспен қамтуды болдырмау, бюджет шығыстарын оңтайландыру мақсатында 2025 жылы субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру қағидаларына өзгерістер енгізді. Өзгерістер Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігі анықтаған заң бұзушылықтарды алдағы уақытта болдырмау, бюджет қаражатын жымқыру фактілерінің алдын алу мақсатында енгізілді, - делінген Балаеваның ресми жауабында.
Жалпы, 2026 жылы субсидияланатын жұмыс орындарына республика бойынша 102 мың адам жұмысқа орналасады деп күтіліп отыр. Оның ішінде 55 мың адам қоғамдық жұмыстарға жіберіледі.
Депутаттық сауалға берілген жауапта айтылғандай, электрондық еңбек биржасында жұмыс берушілерден субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыруға республика бойынша 38,4 мың жұмыс берушіден барлығы 236 мың өтінімдер түсті. Еңбек мобильділігі орталықтары 75,6 мың жұмыс орнын мақұлдады, оның 34 мың жұмыс орны (45%) 2 227 ауылдық округ пен кенттерде құрылады.
2026 жылғы 23 ақпандағы жағдай бойынша субсидияланатын жұмыс орындарына 35,1 мың адам жіберілді, оның ішінде 24,7 мыңы ауыл тұрғындары.