1,7 миллион кәсіпкер жеңілдетілген салық режимінде қала береді – депутат

Экономиканы тұрақтандыру жөніндегі Президент тапсырмасына жауап ретінде Үкімет тарифтер мен бензин бағасының өсуін тоқтатуға, сондай-ақ кәсіпкерлер үшін жеңілдетілген салық режимін сақтауға бағытталған шараларды ұсынды. Бұл шағын және орта бизнесті қолдауға және көлеңкелі экономикаға көшу қаупін азайтуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жеңілдіктерді сақтау туралы шешім кәсіпкерлерге қалай әсер ететінін Мәжіліс депутаты Айтуар Қошмамбетов айтып берді.

Үкімет бірнеше маңызды мәселені қамтитын өз ұсыныстарын ұсынды. Ең алдымен, тарифтер мен бензин бағасының өсуін тоқтату туралы сөз болып отыр. Сондай-ақ жеңілдетілген салық режимін қолдануға құқығы бар кәсіпкерлерге шектеу қоймау туралы шешім қабылданды. Яғни, шамамен 1,7 миллион кәсіпкер жеңілдетілген салық жүйесінде жұмысын жалғастыра алады. Біз бұл шешімді қолдаймыз. Себебі ол бизнесті жүргізудің қалыптасқан тәртібін сақтауға мүмкіндік береді, ал бұл кәсіпкерлік қызметтің тұрақтылығы үшін аса маңызды. Көптеген кәсіпкерлер үшін мәселе салық мөлшерінде емес, қалыптасқан өмір салтында. Белгілі бір тәртіпке үйренген кәсіпкер кенет өзгерістерсіз жұмысын жалғастыру мүмкіндігіне ие болуы керек. Егер бұл тәртіп бұзылса, кәсіпкерлердің кәсіпорындарын жабу немесе көлеңкелі экономикаға кету қаупі туындайды. Бұл өз кезегінде нарыққа және әлеуметтік тұрақтылыққа кері әсер етуі мүмкін, - дейді ол. 

Оның айтуынша, тарифтер мен бағаларды ұстап тұру уақытша шара болып табылады. 

Экономистер бұл шешімді ұзақ мерзімге қолдануға болмайтынын ескертеді. Болашақта тарифтер табиғи түрде реттелуі тиіс, алайда ол үшін белгілі бір экономикалық жағдай қажет. Қазіргі уақытта ондай жағдайлар жоқ. Сондықтан бұл қадамдарды кәсіпкерлердің қызметін сақтап қалуға және бағаның өсуін тежеп тұруға мүмкіндік беретін уақытша қолдау ретінде қарастыру маңызды, - дейді депутат.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы