167 жылқы ұрлаған қылмыстық топ ұсталды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 167 малды ұрлаған ұйымдасқан қылмыстық топ жойылды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Мал ұрлығына қарсы іс-қимыл – ішкі істер органдары қызметінің негізгі бағыттарының бірі. Дәл осы қылмыстар мал иелеріне айтарлықтай зиян келтіреді.
ІІМ Криминалдық полиция департаменті Павлодар облысы ПД-мен бірлесіп ұйымдастырған арнайы операция нәтижесінде Семей қаласында ұрланған 40 жылқыны айдап өту кезінде бес адамнан тұратын өңіраралық қылмыстық топ ұсталды.
Бұл топтың, сондай-ақ Павлодар, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында алты мал ұрлығын жасағаны дәлелденді. Олар барлығы 167 мал ұрлады. Тінту кезінде күдіктілерден тағы 67 ұрланған жылқы, автокөлік және екі мотоцикл табылды.
Топ қатысушылары арасында нақты рөлдерді бөлуді қарастырғаны анықталды. Сонымен бірге ұрланған мал алдын ала союға дайындалған жерге айдалып, етті таныс қасапшыларға сатып отырған.
Қылмыстық топқа қатысты ҚК-нің 262-бабы (Ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу) бойынша қосымша қылмыстық істер қозғалды, яғни мүлкін тәркілей отырып, ұйымдасқан қылмыстық топты құру, оған басшылық ету және оған қатысқаны үшін 12 жылға бас бостандығынан айыру жазасы қаралды.
Айта кету керек, ІІМ мал ұрлығының алдын алу және ашу үшін қызметкерлерге арналған оқу бағдарламалары мен ұсынымдар әзірлейді. Өңірлерде мал ұрлықтарының жолын кесу бойынша мамандандырылған жедел-іздестіру топтары құрылды. Қылмыстық кодекске мүлкі тәркіленіп, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейтін «Мал ұрлығы» жеке бабы енгізілді. Бірнеше рет жасағаны, сондай-ақ үй-жайларға (сарай, қора және т.б.) кіріп, ұрлық жасағаны үшін жаза қатаңдатылды.
Бұл белгілерді ауыр қылмыстар санатына ауыстыру күдіктілер мен тараптардың татуласуына байланысты жауапкершіліктен құтылу мүмкіндігін болдырмайды. Бұл шаралар соңғы бес жыл ішінде мал ұрлығының 35 пайызға төмендеуіне ықпал етті, оның ішінде ұрланған жануарлардың саны екі есе азайды.
Осы жылы мал ұрлығының саны 26,9%-ға төмендеді, олардың ашылуы 6,7%-ға (61,1%) жақсарды, ұрланған 2 618 мал басының 1634-і немесе 62,4%-ы табылып, қайтарылды.
Малды қылмыстық қол сұғушылықтан қорғау үшін Қазақстан Республикасының ІІМ қарапайым қауіпсіздік нормаларын сақтауды ұсынады, атап айтқанда:
– үш жақты шарттар жасасу арқылы малды қараусыз қалдырмау (“иесі”-“әкімдік”-“бақташы”);
– GPS-трекерлерді орнату арқылы малды бақылаудың заманауи әдістерін кеңінен қолдану;
– мал басын міндетті түрде таңбалау және биркалау, бұл ұрланған және жоғалған малды іздеуге, сондай-ақ табыншылар арасындағы дауларды шешуге оң әсер етеді;
– аурулардың, өрттің, жазатайым оқиғалардың, табиғи апаттардың және ұрлықтың салдарынан жануарлардың өлімінен, жоғалуынан сақтандыруды көздейтін сақтандыру құралдарын пайдалану.