16 жастағы семейлік шахматшы Ресей Гран-приінің жеңімпазы атанды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Рапидтен (жылдам шахмат) ұйымдастырылған Ресей Гран-приінің кезеңінде біздің елдің намысын жалғыз шахматшы, шығысқазақстандық Арыстан Исанжолов қорғаған болатын. Бұл туралы altaynews.kz сайтында хабарланды.
Қазақстан шахмат федерациясынан хабарлағандай, жарыс барысында семейлік талапты жас барлығы 11 кездесу өткізіп, онда 8,5 ұпай жинады.
«Турнир тартысқа толы болды, қарсыластарымның арасында осалы жоқ. Дегенмен шешуші ойындарда сәттілік жолдас болды. Соның арқасында 41-ші орыннан бірінші сатыға бірақ көтерілдім», - дейді Арыстанның өзі.
Осы ретте жарысқа 120-дан астам шахматшы қатысқанын айтқан орынды.
Тағы бір айта кетер жайт, турнир барысында жерлесіміз танымал гроссмейстер Алексей Придорожныйдан басым түсіп, тағы бір азулы қарсылас 37 жастағы Дмитрий Кокаревпен тең тарқасты.
«Арыстан болашағынан зор үміт күттіретін жастардың бірі екені бұрыннан белгілі еді. Алайда, оның бұл жеңісін нағыз сенсацияға балауға болады», - дейді ел құрамасының (балалар мен жасөспірімдер) бас бапкері Әнуар Есмағамбетов.