16 жасқа дейін балаларға Instagram мен TikTok-та парақша ашуға тыйым салу керек – психолог
Бұл туралы "Альфа ұрпақ" видео жобасының қонағы белгілі психолог Ержан Мырзабаев айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Альфа ұрпақ – 2010 жылдан кейін туған балаларды сипаттайтын термин. Бүгінде бұл ұрпақ жасөспірімдік шақты толықтай цифрлық дәуірде өткеріп келеді. Олар смартфон, планшет, жасанды интеллект және басқа да жаңа технологиялармен туғаннан таныс.
Балаға әлеуметтік желі әсері өте ауыр және зиян. Баланың әлеуметтік желіде парақшасы болса оның кері әсері де жоғары. Қарапайым мысал, қазір "мазасыз ұрпақ" деген термин қалыптасқан. Дәл осы ұрпақ әлеуметтік желі пайда болаған кезде дүниеге келгендер. Осы уақыттан бастап балалар арасында депрессияның күрт өскені байқалады. Балаларға 16-жасқа дейін әлеуметтік желіде парақша ашуға тыйым салу керек. Инстаграм, Тик-ток секілді әлеуметтік желі пайда болған кезде балалар арасында депрессия көрсеткіші өскен. 16-жасқа дейін смартфон қолдануды барынша шектеу керек. Оны балаға берген күнде қолдану уақытын бақылау керек, - дейді Ержан Мырзабаев.
Психолог баланың гаджетте отыруға уақыты болмауы керек екенін айтады.
Баланың гаджетте отыратын уақыты болмауы керек. Бала сабақ, үйірме, жаттығу, спортпен айналысқаны дұрыс. Көзбе-көз тікелей қарым-қатынас көп болу керек. Баланың телефон, гаджет карайтын уақыты болмауы керек. Әлеуметтік желі қыз баланың өзін-өзі бағалауына, ал ер баланың жыныстық жетілуі кезінде қатты ықпал етеді. Қазір бала кез-келген контентке еркін қол жеткізеді, еш шектеу жоқ. Осы шексіздік баланың психикасына үлкен зиян келтіреді, - деді психолог Ержан Мырзабаев.