9 Қазан 2026, 12:52 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

16 жасқа дейін әлеуметтік желіге тіркелуге тыйым салына ма? Үкімет жауап берді

16 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желідегі аккаунттарына шектеу қойылуы мүмкін.

Қазақстанда 16 жасқа дейінгі балалардың онлайн-платформаларда тіркелуін шектеу тетігі әзірленіп жатыр. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов Құрылтай депутаттарының сауалына берген жауабында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Үкімет басшысының мәліметінше, 16 жасқа дейінгі пайдаланушылардың онлайн-платформаларда тіркелуін реттеуге бағытталған заңнамалық түзетулер әзірленген. Қазіргі уақытта құжат Қазақстан Республикасы Құрылтайының қарауында.

Түзетулер қабылданғаннан кейін онлайн-платформаларды пайдаланушылардың жасын растаудың арнайы қағидалары әзірленеді. Бұл жұмысты Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі жүргізеді.

Жас қалай тексеріледі?

Үкіметтің жауабына сәйкес, жас мөлшерін растау тетігін әзірлеу кезінде онлайн-платформалардың қолданыстағы мүмкіндіктері, жасанды интеллект көмегімен сәйкестендіру, қаралатын контент пен пайдаланушының белсенділігі ескеріледі.

Қазір онлайн-платформаларда мұндай тексеруді жүзеге асыруға қажетті технологиялық мүмкіндіктер бар.

Жаңа талаптарды сапалы енгізу үшін өтпелі кезең қарастырылмақ. Осы кезеңде 16 жасқа дейінгі пайдаланушылардың қолданыстағы аккаунттарын уақытша тоқтату мәселесі де қаралады.

Бұл ретте нормативтік құқықтық акт онлайн-платформалардың Қазақстандағы өкілдіктерімен бірлесіп талқыланады.

Үкімет ұсынған тәсілдер пайдаланушының жеке деректерінің таралуына жол бермеу қағидатына негізделеді. Яғни баланың жасын растау кезінде оның жеке деректерінің қауіпсіздігіне басымдық беріледі.

Балалардың цифрлық деректері қалай қорғалады?

Премьер-министрдің жауабында балалардың жеке және цифрлық деректерінің қауіпсіздігіне қатысты 2026 жылғы 9 қаңтарда Қазақстан Республикасының Цифрлық кодексі бекітілгені айтылған. Кодекс дербес деректердің айналымын және оларды пайдаланудың бірыңғай стандарттарын белгілейді.

Сонымен қатар 2026 жылғы 24 маусымда дербес деректерді қорғауға қатысты заң қабылданған. Үкіметтің мәліметінше, аталған Кодекс пен заңда балалардың цифрлық деректерінің қауіпсіздігі мәселелері қамтылған.

Мектептерде цифрлық қауіпсіздік оқытылады

Балалар мен жасөспірімдердің цифрлық ортадағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін киберқауіпсіздік саласындағы сарапшылармен бірлесіп қосымша құралдар әзірленген.

2026 жылғы 29 қаңтарда Үкімет «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын қабылдады. Оның аясында мектептерде цифрлық гигиена, медиасауат және әлеуметтік желілерді қауіпсіз пайдалану дағдыларын жүйелі түрде оқыту көзделген.

Сонымен бірге білім берудің мемлекеттік стандартына «Жеке қауіпсіздік» курсы енгізілді. Ол алғаш рет 2026–2027 оқу жылында оқытыла бастады.

Оқушылардың цифрлық және қаржылық сауаттылығын арттыру, сондай-ақ дропперлікке жол бермеу бойынша да шаралар қабылданып жатыр. «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында профилактикалық жұмыстар жүргізілуде.

Балалардың психологиялық жағдайы да бақыланады

Үкімет балалардың цифрлық ортаның әсеріне байланысты психологиялық жағдайын жүйелі түрде зерделеу мәселесі «Қазақстан балалары» тұжырымдамасында қарастырылғанын атап өтті.

Осы бағытта Бала құқықтары жөніндегі уәкілмен бірлесіп Balazhan диагностикалау ақпараттық жүйесі әзірленген.

Жүйеде білім беру ұйымдарындағы балалар арасынан зорлық-зомбылық, қорқыту (буллинг), суицидтік ниет және басқа да белгілерді анықтауға арналған диагностикалық әдістемелер біріктірілген.

Сонымен қатар цифрлық ортадағы балалардың психологиялық қауіпсіздік деңгейін бағалауға, психологиялық қысым көріп жүрген балаларды дер кезінде анықтауға және оларға қажетті көмек көрсетуге арналған сауалнамалар енгізілген.

Өңірлерде психологиялық қолдау орталықтары жұмыс істейді. Олар білім беру ұйымдарындағы психологиялық қызметтердің жұмысын үйлестіреді, әдістемелік қолдау көрсетеді, сондай-ақ оқушылар мен ата-аналарға кеңес береді.

Бұған дейін елімізде 16 жасқа толмағандардың әлеуметтік желідегі парақшаларына шектеу енгізілуі мүмкін екенін жазған едік.