16 шетел азаматы ел аумағынан шығарылды
Алматы қаласының Бостандық ауданында көші-қон заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті сақтау және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында жедел-профилактикалық іс-шара өткізілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Үш күнге созылған жұмыс қорытындысы бойынша көші-қон заңнамасын бұзған 135 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар 16 шетел азаматы Қазақстан Республикасының аумағынан шығарылды, 27 адам жеке басын анықтау үшін қабылдау-тарату орнына жеткізілді, ал 23 қабылдаушы тұлға жауапкершілікке тартылды. с-шара барысында көші-қон полициясының қызметкерлері жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ күйде СПА-салондардың бірінде және құрылыс нысанында болған азаматтарды анықтады. Аталған тұлғалардың барлығы жеке басын анықтау үшін қабылдау-тарату орнына орналастырылды. Алматы қаласы полиция департаменті Көші-қон қызметі басқармасының бастығы Еркін Амантаевтың айтуынша, негізгі міндет – шетел азаматтарының заңсыз болуына байланысты туындауы мүмкін қауіптердің алдын алу.
Біз азаматтардың ел аумағында болу заңдылығын, тіркеу талаптарының сақталуын және қабылдаушы тараптардың жауапкершілігін тексеру арқылы қаладағы тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуді көздейміз, – деп атап өтті ол.
Полиция азаматтар мен ұйымдарды көші-қон заңнамасын қатаң сақтауға және шетел азаматтарының Қазақстан Республикасында заңды негізде болуын қамтамасыз етуге шақырады.