28 Қыркүйек 2026, 16:15 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Бауыржан Жуасбаев

16 рет пышақ жарақаты: Бір үйдің жалғыз қызы Дильназ Жұмагұлованың өліміне қатысты сот басталды

Семейде 20 жастағы Дильназ Жұмагұлованың өліміне қатысты сот басталды. Айыптау актісінде қызға 16 рет пышақ жарақаты салынғаны айтылды.

28 қыркүйекте Семейде 20 жастағы Дильназ Жұмагұлованың өліміне қатысты сот процесі басталды. Қыздың ата-анасы сот отырысының ашық өтуін және оған БАҚ өкілдерінің қатысуын талап еткен. Алайда сот тергеуі барысында журналистердің сот залына кіруіне шектеу қойылды. BAQ.KZ тілшісі журналистер сот залынан шығарылғанға дейін отырысқа қатысып, онда айыптау актісі жарияланған сәтті тыңдады және жәбірленуші тараппен сөйлесті.

Дильназ Жұмагұлова 13 шілдеде көптеген пышақ жарақатынан көз жұмған.

Сотталушы орындығында марқұм қыздың ауылдасы отыр. Туыстарының айтуынша, Дильназ онымен бұған дейін қарым-қатынаста болған. Екеуі бір мектепте, параллель сыныптарда оқыған.

Полицияның мәліметінше, қыз бен жас жігіттің арасында жанжал болған. 

Тергеу Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабының 1-бөлігі – «Адам өлтіру» бойынша жүргізілген.

Алайда марқұмның ата-анасы – Динара Атаева мен Сабыржан Теміржан айыпты Қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-бөлігіне қайта саралауды талап етіп отыр. Олардың пікірінше, сотталушының әрекеті «аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру» ретінде саралануы тиіс.

Дильназдың ата-анасы сот отырысында да осы ұстанымын қайталады.

Біздің қызымыз бұрынғы жігітінің қолынан қаза тапты. Мен тағылған бапты объективті емес деп санаймын. Біз 99-баптың 2-бөлігі бойынша қайта саралауды сұрадық. Бірақ қандай да бір себеппен оған қатысты аса қатыгездік жасалмаған деп шешкен. Адам суыққанды түрде пышақ жарақатын салып, басынан ауыр жарақаттар келтірген. Оны жолдың жанына тастап, үйіне барып ұйықтап қалған. Біз істің қайта саралануын күтіп отырмыз. Егер олай болмаса, Жоғарғы сотқа дейін барамыз. Біздің жалғыз қызымыз бар еді. Ол тек бір нәрсені артық айтқаны немесе өзін біреулер қалағандай ұстамағаны үшін осындай жағдайға тап болды, – деді марқұмның анасы Динара Атаева.

Фото: ©BAQ.KZ/Альбина Халел

Келтірілген дәйексөзде жәбірленуші тараптың ұстанымы көрсетілген. Оқиғаға түпкілікті құқықтық бағаны сот береді.

Неліктен журналистердің сот процесіне қатысуына шектеу қойылды?

Сот отырысының басында-ақ БАҚ өкілдерінің процеске қатысу мәселесі көтерілді. Атап айтқанда, сот тергеуі кезінде журналистердің қатысуы бөлек талқыланды. Прокурор мен қорғау тарапы БАҚ өкілдерінің сот процесіне қатысуын шектеуді қолдап, өз уәждерін айтты.

Прокурор сот талқылауы кезінде БАҚ өкілдерінің қатысуын шектеу қажет деп санайды. Яғни сот жарыссөздеріне дейін немесе үкім жарияланғанға дейін. Біз сотталушы мен марқұмның достық қарым-қатынаста болғанын көріп отырмыз. Істі қарау барысында интимдік сипаттағы мәліметтер айтылуы мүмкін. Сондықтан БАҚ өкілдерінің қатысуын шектеуді сұраймыз, – деді прокурор.

Фото: ©BAQ.KZ/Альбина Халел

Сотталушының қорғаушысы да журналистердің қатысуын шектеуді қолдады. Адвокаттың пікірінше, сот процесінің жария түрде ақпараттандырылуы сотталушының отбасына моральдық зиян келтіруі және оның кәмелетке толмаған туыстарына қатысты қысым мен қудалауға әкелуі мүмкін.

Ал Дильназ Жұмагұлованың ата-анасы мен жақындары сот процесінің барысын БАҚ арқылы жариялауды талап етті.

Біз баспасөз өкілдерінің қатысқанын өте қаладық. Барлығы объективті әрі ашық болғанын қаладым. Тек үкім жарияланған кезде емес, сот процесінің барлық кезеңінде. Бірақ қандай да бір түсініксіз себеппен сот бізге бұған рұқсат бермеді, – деді Динара Атаева.

Бұл мәселе бойынша шешімді судья қабылдады. Ол сот тергеуі кезінде БАҚ өкілдерінің сот процесіне қатысуына шектеу қойды.

Сот орнында сот тергеуі кезінде БАҚ өкілдерінің сот процесіне қатысуын шектеу туралы шешім қабылдады. Үкім жарияланатын уақыт туралы баспасөз қызметі сіздерге алдын ала хабарлайды, – деді судья Нияз Хасенбаев.

Айыптау актісінен не белгілі болды?

Журналистер сот залынан шыққанға дейін сот тергеуі басталғанға дейін ашық режимде жарияланған айыптау актісін тыңдап үлгерді. Осылайша іс бойынша бірқатар мәлімет белгілі болды.

Айта кету керек, айыптау актісінде баяндалған мән-жайлар – айыптау тарапының нұсқасы. Сот әлі де дәлелдемелерді зерттеп, оларға құқықтық баға беруі тиіс.

Прокурор жариялаған айыптау актісіне сәйкес, қыз 13 шілдеге қараған түні сағат 01:00-ге жуық уақытта жас жігітпен кездесуге өзі барған. Екеуі біраз сөйлескеннен кейін олардың арасында жанжал туындаған. Айыптау нұсқасы бойынша, осыдан кейін қызға 16 рет пышақ жарақаты және доғал затпен екі рет соққы жасалған.

Алғашқы соққы пышақ жүзінің көмегімен мойын тұсына жасалған. Пышақ жарақаты сол жақ ұйқы артериясын зақымдаған. Осыдан кейін Жұмагұлова сәл отыра берген. Оның айқайлап, көмек шақырып, осылайша жоспарды жүзеге асыруға кедергі келтіруінен қауіптенген ол қарсылықты басып, жәбірленушіні есеңгірету мақсатында жиналмалы пышақ сабының негізімен теменің және оң жақтағы шүйде сүйегінің тұсына айтарлықтай күшпен екі рет соққы жасаған. Алған жарақаттарынан ол етпетінен құлаған, – деп оқыды прокурор.

Бұдан әрі айыптау актісіне сәйкес, сотталушы қылмыстық ниетін соңына дейін жеткізу мақсатында жиналмалы пышақтың ұшымен қыздың басының шүйде тұсына, мойнының артқы бөлігіне, оң иық буыны мен жауырын сүйегінің тұсына шамамен он рет пышақ жарақатын салған.

Өмірлік маңызы бар ағзаларына келтірілген көптеген дене жарақатының салдарынан Жұмагұлова есінен танып қалған. Сол кезде Жұмагұлова қайтыс болды деп ойлаған ол қылмыстық әрекеттерін жасыру мақсатында оның денесін Бородулиха ауылының шетіндегі адам аяғы сирек баратын жерге жасыруды шешкен. Ол сол кезде тіршілік белгісі байқалмаған Жұмагұлованың денесін шалқасынан аударып, бас жағынан келіп, қолтық тұсынан ұстап, ауылдың шетіне қарай сүйрей бастаған. Бірнеше метр жүргеннен кейін шаршап, денені жерге қойған. Бұған дейінгі қылмыстық ниетін соңына дейін жеткізуге тырысып, өлімнің міндетті түрде орын алуын көздеп, пышақтың ұшымен басы, иығы және қолы тұсына тағы төрт рет соққы жасаған. Ол денені үйлердің арасындағы топырақ жолға тастап, оқиға орнынан бой тасалаған, – деп сөзін аяқтады прокурор.

Дильназдың анасы не айтты?

Сотталушы Семейдегі университеттердің бірінің дене шынықтыру факультетінде білім алған. Ол екінші курсты аяқтап, биыл күзде оқуын жалғастыруы тиіс болған.

Ал Дильназ «тарих және география пәнінің мұғалімі» мамандығында оқыған.

Дильназдың анасының айтуынша, қызы күн сайын кешкі уақытта достарымен және сыныптастарымен серуендейтін. Динара Атаева қызының кімдермен араласатынын білгендіктен, жазғы демалыс кезінде мұндай жағдай болады деп күтпеген.

Сонымен қатар ол сотталушының ата-анасы өзіне және күйеуіне аудандық полиция бөліміне арыз жазғанын айтты. Динара Атаеваның сөзінше, арыз сотқа дейінгі тергеу материалдарындағы ақпаратты таратуға байланысты берілген.

Фото: ©BAQ.KZ/Альбина Халел

Бір күні оның анасы маған хабарласып, кездескісі келетінін айтты. Мен оған ауылда бәрі біздің қайда тұратынымызды біледі дедім. Сондықтан бұл үшін телефон соғудың қажеті жоқ. Көңіл айтуға келгендердің бәрі келді. Ешқандай көмек көрсеткен жоқ, ұсынған да жоқ. Олардың тарапынан ештеңе болған жоқ. Бірақ қыркүйектің басында олар менің және күйеуімнің үстімізден арыз жазды. Арыз аудандық полиция бөліміне түскен. Сотқа дейінгі тергеу материалдарын таратты деген себеппен арызданған, – деді Динара Атаева.

Бұл – марқұмның анасы келтірген мәлімет. Аталған эпизод бойынша екінші тараптың ұстанымы әзірге жарияланған жоқ.

Еске сала кетейік, қызы қайтыс болғаннан кейін Дильназдың ата-анасы істің тергелуіне қоғамдық назар аударту мақсатында БАҚ пен интернет ресурстарына бірнеше рет жүгінген.