16 пациенттің жағдайы ауыр – Бас санитар

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы коронавирустық инфекцияның ағымдағы жағдайына қатысты өткен онлайн брифинг барысында ҚР мемлекеттік бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова мәлімдеді.

Бүгінде әлем бойынша коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 1 миллион 270 мыңнан асқан. Оның 70 мыңдайы қайтыс болған. Қазақстанда бұл індетті жұқтырған 604 науқас тіркелді, оның 45-і жазылып шықса, алтауы өмірден озған.

Елдегі коронавирус жұқтырғандардың инфекцияны нақты қайдан, қалай жұқтырғанына тоқталған бас санитар 130 жағдай ел ішінде жұқтырғандар екенін айтты.

Жалпы, 122 жағдай сырттан келген, 350-ден астам жағдай өзара байланыс салдарынан болған (отбасы мүшелері және әріптестерімен байланыста болғандар), 130 жағдай жергілікті жерде тіркелген, яғни инфекция көзін анықтау мүмкін болмаған жағдай. Бүгінде жалпы алғанда 45 адам жазылып шықты, оның 24-і - Нұр-Сұлтан қаласынан, 21-і - Алматыдан. Тағы бір айта кететін жайт, жағдайдың 85%-ын жеңіл және симптомсыз деп бағамдауға келеді, 11,5%-ның жағдайы орташа. Ал, 16 пациенттің жағдайы ауыр. Бұл науқастар Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында ем алып жатыр, - деді Айжан Есмағамбетова.
Айта кетсек, Коронавирус індетін жұқтырған тағы 20 адам тіркелді: Шығыс Қазақстан облысы - 1, Жамбыл облысы - 1, Қарағанды облысы - 16, Маңғыстау облысы - 2. Жалпы Қазақстан бойынша барлығы 604 жағдай тіркелді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы