16 өңірде дауылды ескерту жарияланды: тұман торлап, қарлы боран күтіледі

31 қаңтарда 16 өңірде ауа райы күрт құбылып, шығыс аймақтарда қолайсыз метеорологиялық жағдай болжануда, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Синоптиктердің болжамына сәйкес, ел аумағының басым бөлігінде қалың тұман түсіп, кей өңірлерде қар жауып, бұрқасын соғады, көктайғақ болып, жел екпіні күшейеді. Шығыс аймақтарда атмосфералық ауаның таралуына қолайсыз әсер ететін метеорологиялық жағдай күтіледі.

Ақмола облысының шығысы мен оңтүстігінде тұман қоюланып, солтүстігінде оңтүстік-батыс және оңтүстік-шығыс бағыттағы желдің екпіні секундына 15–20 метрге дейін жетеді. Солтүстік Қазақстан облысының батысы мен солтүстігінде қар аралас жауын-шашын түсіп, бұрқасын байқалады, ал оңтүстігінде тұман сақталады. Петропавл қаласында жел күшейіп, қолайсыз ауа райы қалыптасады.

Қостанай облысының солтүстігінде қар жауып, бұрқасын соғады. Батыс, шығыс және оңтүстік аймақтарында тұман түсіп, көріну қашықтығы төмендейді. Павлодар, Қарағанды және Ұлытау облыстарында түнгі және таңғы уақытта тұман жиілеп, жол қозғалысына қиындық туғызуы мүмкін.

Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында жел күшейіп, тұман қоюланады. Өскемен, Риддер және Семей қалаларында қолайсыз метеорологиялық жағдайдың екінші дәрежесі сақталып, ауа сапасының төмендеуі ықтимал.

Оңтүстік өңірлерде ауа райы құбылмалы болады. Түркістан облысында жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын жауып, көктайғақ пен бұрқасын байқалады, ал таулы аймақтарда қалың қар түсуі мүмкін. Жамбыл облысының таулы аудандарында қарлы боран соғып, кей жерлерде көктайғақ қалыптасады. Тараз қаласында тұман түсіп, жолдар тайғақ болады. Жетісу облысында, әсіресе Алакөл маңында жел екпіні күшейіп, секундына 23–28 метрге дейін жетуі ықтимал.

Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Қызылорда және Маңғыстау облыстарында да тұман түсіп, қар жауып, жел күшейеді. Кей өңірлерде көктайғақ болып, ауа райы қолайсыз болмақ.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы