12 Қазан 2026, 17:05 Фото: Threads/BAQ.KZ коллажы

1,6 млрд теңгелік жоба жаңбырға шыдамады: Алматыдағы аялдамадан су ақты

Алматыдағы «Саяхат» маңында жаңадан салынған аялдама кешенінің төбесінен жаңбыр суы аққан. Әлеуметтік желі қолданушысы нысанның сапасына қатысты шағым білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Желіде жарияланған жазбада аялдама кешенінің әлі толық пайдалануға берілмегені айтылған. Соған қарамастан, жаңбыр жауғаннан кейін нысанның төбесінен су өте бастаған.

Бір жаңбырдың өзі қаладағы қаншама мәселені ашып берді. Міне, «Саяхаттағы» жаңа аялдама кешені. Мұнда автобустар әлі тоқтамайды, бұл бөлігі пайдалануға берілмеген. Бірақ соған қарамастан, төбесінен су ағып жатыр, – делінген жазбада.

Басқарма не дейді? 

Жол инфрақұрылымын дамыту басқармасы мердігер ұйымға анықталған кемшіліктерді жоюды тапсырғанын хабарлады.

«Golden City DS» ЖШС-не көрсетілген ескертулерді жою және нысанды тиісті техникалық жағдайға келтіру жөнінде тапсырма берілді, – делінген басқарманың жауабында.

Айта кетейік, «Қазақпарат» мәліметінше, Алматы әкімдігі «Саяхаттағы» үш көлік ауыстырып міну кешенінің құрылысын 2026 жылғы сәуірде аяқтауды жоспарлаған еді. Жобаның жалпы құны 1 млрд 658 млн теңге.