16 мамырға дейін Атырау қаласы бойынша санитарлық тазалық айы жарияланды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 16 мамырға дейін Атырау қаласы бойынша санитарлық тазалық айы жарияланды, деп хабарлады Атырау облысы әәкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің төрағалығымен селекторлық жиын өтті. Күн тәртібінде абаттандыру мен санитарлық тазалақ мәселелері қаралды, деп хабарлайды Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі. Өңір басшысы абаттандыру, жасыл-желекті күтіп ұстау, тазалықты сақтауға қатысты сын барын айтты.
Қысқы кезеңнен кейін саябақтарда, желекжолдар мен қоғамдық орындарда тазалық жұмыстарын жүргізу қажет. Осы мақсатта облыс көлемінде сенбілік өткізілсін. Оған барлық мекеме қызметкерлері мен облыс тұрғындары қатысып, өз үйіміздің тазалығына бірге атсалысайық, – деді облыс басшысы.
Өңір басшысының тапсырмасына сәйкес, 16 сәуірде облыс бойынша сенбілік өтеді. Сонымен қатар 16 мамырға дейін Атырау қаласы бойынша санитарлық тазалық айы жарияланды.
Облыс орталығы Атырау қаласында «Жасыл қала» шарасы аясында 1000-нан астам көшет отырғызылады деп жоспарлануда. Сонымен қатар қаланың 10 аумағында күл-қоқыстан тазарту жұмыстары жүргізіледі.
Облыс әкімі Серік Шәпкенов қаланың сәулеттік келбетін жақсарту бойынша жауапты тұлғаларға бірқатар тапсырма берді.