12 Қазан 2026, 08:10 Фото: pixabay

159,6 трлн теңге, 155,7 млрд доллар: Қазақстан экономикасының 7 жылдық өсімі

Соңғы жеті жылда Қазақстан экономикасының номиналды көлемі 61,8 трлн теңгеден 159,6 трлн теңгеге дейін өсіп, жан басына шаққандағы ЖІӨ 15 мың АҚШ долларына жетті. Осы кезеңде 155,7 млрд доллар тікелей шетелдік инвестиция тартылып, шағын және орта бизнестегі жұмыс орындарының саны 36,7%-ға артты

Жан басына шаққандағы ЖІӨ 7 жылда 1,5 еседен астам өсті

2025 жылдың қорытындысы бойынша жан басына шаққандағы ЖІӨ 15 мың АҚШ долларына жетіп, 2018 жылмен салыстырғанда ($9,8 мың) 52,9%-ға өсті.

Жан басына шаққандағы ЖІӨ-нің өсуіне ел экономикасының тұрақты дамуы ықпал етті.

Экономиканың номиналды көлемі 2018 жылғы 61,8 трлн теңгеден 2025 жылы 159,6 трлн теңгеге дейін өсті.

2025 жылы экономиканың көлемі 306 млрд АҚШ долларына жетіп, долларлық мәнде 2018 жылғы деңгейден 70,6%-ға асты.

2019–2025 жылдар аралығында ЖІӨ-нің өсуіне экономиканы әртараптандыру және инвестициялар, негізгі салаларды (өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, көлік және қоймалау, сауда) дамыту, бәсекеге қабілеттілікті арттыру, инвестициялар тарту және әлеуметтік-экономикалық реформаларды ілгерілету ықпал етті.

Нақты сектор дәстүрлі түрде экономикалық өсудің негізгі драйверіне айналды. Аталған кезеңде тауар өндірісі 38,8%-ға өсті. Құрылыста 2,4 есе, өңдеу өнеркәсібінде 41,8%-ға, ауыл шаруашылығында 25,6%-ға, тау-кен өнеркәсібінде 14,9%-ға өсім қамтамасыз етілді.

Инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру және экономиканың нақты секторындағы оң динамика қызмет көрсету саласының 22,1%-ға өсуіне ықпал етті. Саудадағы өсім 44,1%-ды, көлік қызметтерінде – 38,4%-ды, байланыс саласында – 56,4%-ды құрады.

Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 65,9%-ға артып, 23,5 трлн теңгеге жетті.

7 жыл ішінде тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны 155,7 млрд АҚШ долларын құрады.

Өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарын қолдау және басым экспорттық нарықтарға қолжетімділікті кеңейту бойынша белсенді жұмыс шикізаттық емес экспорт көлемін 1,8 есе арттырып, 28,8 млрд АҚШ долларына жеткізуге мүмкіндік берді (15,8 млрд АҚШ долларынан).

Мұнай өндіру көлемі 9,2 млн тоннаға артып, 2025 жылдың қорытындысы бойынша 99,6 млн тоннаны құрады.

Экономикадағы еңбек өнімділігі 21,7%-ға, оның ішінде құрылыста – 2,3 есе, ауыл шаруашылығында – 66,3%-ға, өңдеу өнеркәсібінде – 32%-ға, саудада – 28,9%-ға өсті.

7 жылда ШОБ саласындағы жұмыс орындарының саны 36,7%-ға өсті

Шағын және орта бизнес Қазақстандағы еңбек нарығының негізгі драйверіне айналды. Ұлттық статистика бюросының өзекті деректеріне сәйкес, бүгінде ШОБ секторында 4 527 381 адам жұмыспен қамтылған – бұл елдегі барлық жұмыспен қамтылған халықтың 48,6%-ы. Соңғы 7 жылда сектордағы жұмыс орындарының саны 36,7%-ға өсті (2018 жылы – 3,3 млн).

Жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілерінің саны 63,5%-ға өсіп, 2,2 млн бірлікке жетті.

  • Өнім шығару көлемі 3,2 есе артып, 2025 жылдың қорытындысы бойынша рекордтық 104,8 трлн теңгеге жетті.

  • Елдің ЖІӨ-дегі ШОБ үлесі 40,9%-ға жетіп, 9,2 пайыздық тармаққа өсті.

Сектордың негізін жеке кәсіпкерлер құрайды (субъектілердің жалпы санының 69%-ы), олар 2 млн-нан астам адамды жұмыспен қамтамасыз етеді. Бұл ретте нарықтың небәрі 0,1%-ын құрайтын орта кәсіпорындар толық әлеуметтік пакетпен қамтамасыз етілген ең тұрақты жұмыс орындарын ұсынады (жұмыспен қамтылғандар саны – 428,2 мың адам).

Елдегі кәсіпорындар саны бойынша сауда саласы көш бастап тұр (35%), алайда бизнесті кеңейту кезінде жаңа жұмыс орындарын құрудың ең үлкен әлеуетін өңдеу өнеркәсібі, құрылыс және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу салалары көрсетіп отыр.

Секторда әйелдер маңызды рөл атқарады – олар барлық ШОБ субъектілерінің 48,1%-ын басқарады (оның ішінде жеке кәсіпкерлер арасында – 52,6%, заңды тұлғалар арасында – 28,1%).

7 жылда бизнесті дамытуға 10,2 трлн теңге бөлінді

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының жеңілдетілген кредиттеу, субсидиялау және кепілдік беру құралдары 2019–2026 жылдар аралығында жалпы кредит сомасы 10,2 трлн теңгені құрайтын 176 716 бизнес жобасын қамтыды.

Мемлекеттік қолдау бағдарламаларын іске асырудың бүкіл кезеңінде (2019–2025 жж.) олардың қатысушылары шамамен 695 мың қолданыстағы жұмыс орнын сақтап, 60,5 мың жаңа жұмыс орнын құрды, 128 трлн теңгенің өнімін өндіріп, бюджетке 8,5 трлн теңге салық төледі.

2025 жылғы маусымда «Өрлеу» жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламасы іске қосылды, онда банк капиталының үлесі қаржыландырудың жалпы көлемінің жартысынан асады. 2025 жылғы сәуірден бастап «Даму» қорының базасында ШОБ пен ірі инвестициялық жобаларға арналған екі жаңа кепілдік қоры табысты жұмыс істеп келеді, ал 2025 жылғы желтоқсанда ауылдар мен шағын қалаларда олардың өңірлік ерекшеліктерін ескере отырып, микро және шағын бизнесті дамытуға бағытталған «Іскер аймақ» бағдарламасы басталды.

Әлемнің ТОП-50 экономикасы: Қазақстанның жеті жылдық трансформациясының қорытындылары

2019–2026 жылдар кезеңі Қазақстан үшін мемлекеттік басқару мен қоғам құрылымын ауқымды жүйелі трансформациялау кезеңіне айналды. Осы кезеңнің басты институционалдық нәтижесі 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдумда жаңа Конституцияның қабылдануы болды.

Саяси реформалар берік экономикалық негізге ие болды. Рекордтық 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның ЖІӨ 159,6 трлн теңгеге жетіп, нақты өсім 6,5%-ды көрсетті. Бұл елге Дүниежүзілік банктің жаһандық рейтингіндегі позициясын жақсартып, 55-орыннан 48-орынға көтерілуге және әлемдегі ең ірі экономикалардың ТОП-50 қатарына енуге мүмкіндік берді.

Макроэкономикалық базаның тұрақтылығы инвестициялар ағынымен расталады. Негізгі капиталға салынған жылдық инвестициялар көлемі 12,6 трлн теңгеден 23,5 трлн теңгеге дейін өсті, ал 2019 жылдан бастап 2026 жылдың бірінші тоқсанына дейінгі тікелей шетелдік инвестициялардың (ТШИ) жиынтық ағыны 162 млрд АҚШ долларынан асты. 2026–2028 жылдарға арналған жаңа Макроэкономикалық тұрақтандыру бағдарламасы аясында Үкімет экономиканың жыл сайынғы өсімін кемінде 5% деңгейінде ұстап тұруды және 2028 жылға қарай инфляцияны 5–7%-ға дейін төмендетуді мақсат етіп отыр.

Әлеуметтік стандарттар цифрлармен

Қазақстанда 7 жыл ішінде ең төменгі жалақы мен зейнетақы екі есе өсті.

Жеті жыл ішінде елде негізгі әлеуметтік төлемдердің бірнеше есе өскені тіркелді:

• Ең төменгі жалақы (ЕТЖ) 2 есе – 42,5 мың теңгеден 85 мың теңгеге дейін өсті;

• Ең төменгі зейнетақы мөлшері шамамен 2 есе – 36,1 мың теңгеден 69 мың теңгеге дейін өсті;

        Жан басына шаққандағы ЖІӨ 715,5 мың теңгеден 1 661,6 мың теңгеге дейін өсті.

Бизнеске арналған жаңа мүмкіндіктер: «Өрлеу» және «Іскер аймақ» бағдарламалары

Жергілікті жерлерде жеке бизнесті ынталандыру үшін шағын қалалар мен ауылдарды дамытуға бағытталған ұзақ мерзімді «Іскер аймақ» бағдарламасы іске қосылды. 2029 жылға дейін бағдарлама жалпы сомасы 1,2 трлн теңгені құрайтын шамамен 15 мың бизнес жобасына қолдау көрсетеді. Бағдарлама ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге, азық-түлік, жиһаз, құрылыс материалдарын өндіруге және қолөнерге бағытталған.

Республикалық деңгейде бизнес бастамалары «таза парақтан» қағидаты тетіктері және «Өрлеу» жеңілдетілген кредиттеу бағдарламасы арқылы қолдау табады. Басым секторлар үшін (өңдеу өнеркәсібі, IT, туризм, креативті индустрия және логистика) жылдық мөлшерлемесі 12,6%-дан аспайтын қаржыландыру лимиттері 7 млрд теңгеге дейін белгіленген.