155 төрешіні оқыту деңгейі жоғары стандарттарға сәйкес келмейді – депутат

Сенатор Дархан Қыдырәлі өзінің депутаттық сауалында Қазақстан футболына шетелдік легионерлерді тарту, қаржыландырудың ашық еместігі және төрешілердің матч нәтижелеріне қатысты даулы шешімдері мәселелерін қозғады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Оның айтуынша, клубтарды қаржыландыру мен легионерлерге жоғары жалақы төлеу мәселелері айтылмайтын тақырып, бұл қаржының тиімді бөлінуіне бақылауды қиындатады.

Еуропаның топ құрамаларының бапкерлерінен біразынан көбірек жалақы алатын ұлттық құраманың бас бапкерінің айлығы құпия. Көпшілігі жергілікті бюджетке байлаулы футбол клубтарындағы легионерлердің айлықтары да ашық айтылмайды. Көптеген мемлекетте футболға қатысты арнайы заң қабылданған. Осы саладағы жүйесіздік пен жүгенсіздікті реттеу үшін бәлкім бізге де футбол туралы арнайы заң қабылдаудың уақыты келген шығар, - деді сенатор.

Қыдырәлі «Атырау-Ақтөбе» және «Атырау-Астана» командалары арасындағы соңғы матчтар туралы төрешілерінің шешімдері қоғамда үлкен дүмпу туғызғанын атап өтті. Алайда, бұл жағдайларға қатысты қатаң шаралар қабылданбады, бұл ұлттық чемпионаттың әділдігіне күмән келтіреді. Оның пікірінше, Футбол федерациясы қазақстандық төрешілер мен жаттықтырушыларды дайындауды белсенді түрде қолдауы тиіс, өйткені қызмет ететін 155 төрешіні оқыту деңгейі жоғары стандарттарға сәйкес келмейді. Бұл Қазақстанның әлі де әлемдік турнирлерге төрешілер шығара алмай отырғанын және олардың біліктілігін арттыру қажеттігін көрсетеді.

Бір кездері бізбен деңгейлес болған, қазір командалары Олимпиада ойындары мен әлем, Еуропа чемпионаттарында көзге түсіп жүрген Грузия, Өзбекстан сияқты елдер балалар футболын қолдау, мамандар даярлау, инфоқұрылымды дамыту, бірыңғай жүйе қабылдау, футбол алаңдары мен стадиондар салу арқылы нәтижеге жеткені белгілі, - деді сенатор.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы