155 спортшы Қазақстан намысын Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында қорғайды
Қазақстанның ұлттық құрамасы жасақталды. Енді спортшыларды Қырғызстандағы маңызды бәсеке күтіп тұр. Құрама қандай нәтижеге қол жеткізбек?
Астанада Қазақстан ұлттық құрамасының VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындығы талқыланды.
Жиынға Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов төрағалық етті.
Ұлттық құрамаға кімдер енді?
Қазақстанның ұлттық құрамасы толық жасақталды. Байрақты бәсекеде еліміздің намысын 155 спортшы қорғайды. Сонымен қатар делегация құрамында спортшылардың жарысқа қатысуын қамтамасыз ететін 49 жаттықтырушы мен өзге де маман бар.
Ұлттық құраманың барлық мүшесі бірыңғай спорттық киіммен қамтамасыз етілді.
Дайындық қалай өтіп жатыр?
Қазір спортшылар оқу-жаттығу жұмыстарының қорытынды кезеңінен өтіп жатыр. Дайындық барысын Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы жергілікті атқарушы органдармен және спорт федерацияларымен бірлесіп үйлестіруде.
Әсіресе көкпар жарысына дайындыққа ерекше көңіл бөлініп отыр. Мамандар аттарды тасымалдау, орналастыру және күтіп-бағу, сондай-ақ ветеринариялық сүйемелдеу мәселелерін пысықтауда.
Ойындар қашан өтеді?
VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 2026 жылғы 29 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында Қырғыз Республикасында өтеді.
Жарыс бағдарламасына 43 спорт түрі енгізілген. Оларда барлығы 69 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
Жиын соңында Ербол Мырзабосынов спортшыларға сәттілік тілеп, халықаралық жарыста Қазақстанды лайықты танытуға шақырды. Министр ұлттық құраманың жоғары нәтиже көрсетіп, медальдар кестесінде көшбасшылар қатарынан көрінетініне сенім білдірді.
Көшпенділер ойындары бұған дейін қайда өтті?
Дүниежүзілік көшпенділер ойындары алғаш рет 2014 жылы Қырғызстанның Чолпон-Ата қаласында ұйымдастырылды. Кейінгі екі ойын да осы қалада өтті: 2016 және 2018 жылдары.
2022 жылы IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындары алғаш рет Қырғызстаннан тыс жерде – Түркияның Изник қаласында өтті.
Ал 2024 жылы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын Қазақстан қабылдап, жарыстар Астана қаласында 8-13 қыркүйек аралығында өтті. Ойындарға 89 елден шамамен 2,5 мың спортшы қатысып, Қазақстан құрамасы жалпы медальдар кестесінде бірінші орын алды.
2026 жылы VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қайтадан Қырғызстанның Чолпон-Ата қаласында өтеді. Осылайша, дүбірлі дода 2014 жылдан бері алғаш рет өзінің бастау алған жеріне қайта оралмақ.