150 мың теңге жалақы, орманды өрттен қорғау: Орманшы жұмысы туралы

Еліміздің баға жетпес байлығының бірі – ол табиғат, ондағы жан-жануарлар мен өсімдіктер әлемі. Табиғатты аялау, оны ұрпақтан ұрпаққа аманат ету – баршамыздың парызымыз. Десе де осы салада еңбек етіп, табиғатты қорғап жүрген орманшылардың еңбегін елемеуге болмайды, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.

Ия, әлемде түрлі мамандық иесі бар. Сондай ерекше мамандықтардың бірі – орманшы. Орманшылар кімдер? Олар - мемлекеттік инспектор, қорықшы, эколог немесе өрт сөндіруші. Өздеріңіз көріп отырғандай, олар түрлі қабілетті бойына сіңірген мамандар. Сондай маманның бірі – кейіпкеріміз Жәнібек Махмұтов аға.

Жәнібек Махмұтов Қарқаралы орманшылығының Комиссаровка шатқалында мемлекеттік инспектор қызметін атқарады.

Жәнібек Махмұтов 1968 жылы 20 маусымда Қарқаралы ауданында дүниеге келген. Бүгін орманшы ағамыз 55 жасын атап өтіп жатыр.

- Жәнібек аға, орман шаруашылығы саласына қалай келдіңіз? Әңгімемізді осы сұрақтан бастасақ...

- 1989 жылдың басында орман шаруашылығы саласына жұмысқа тұрдым. Бүгінгі күнге дейін осы салада еңбек етіп келемін.

Қазіргі күні осы салада еңбек етіп жүргеніме 34 жылдай болып қалды.

Негізі әкем Өмірзақ Махмұтов осы салада жұмыс істеген. Әкем орманшы болды. 1973 жылдары әкем жұмысқа кіргенде, бірге жұмысына еріп барып жүретінмін. Содан әкемнің жолын қуып, мен де осы салаға келдім.

Өзіміз жеті ағайындымыз. Қарындастарым да бар. Олардың жолдастары да әріптесім, яғни осы салада еңбек етіп жатыр. Өзім үш баланың әкесімін, 1 қызым және 2 ұлым бар. Кенже ұлым да қазір ұлттық паркте жұмыс істейді. Ол тау орманшылығында.

- Орманшыларда немесе мемлекеттік инспекторларда жұмыста жүргенде қолында қандай техникасы болуы керек?

- Қазір техниканың озған, дамыған уақыты ғой. Бірақ біз әлі күнге дейін 1890 жылдардағы инспекторлар жұмыс істеп кеткен, тозығы жеткен бақылау пунктерінде отырамыз. Десе де жыл сайын жөндеу жұмысына бояуын беріп тұрады. Екі-ақ жерде жарық бар. Техниканың тозығы жеткен. 2002 жылдары жақсы техникалар келген. Бірақ одан бері 20 жылдан асты. Уақыт салып, УАЗ беріп тұрады, оның өзін 3-4 жылда.

Үкіметтен ер тоқымымен бірге ат беріледі. Бірақ оның өзі заманауи техникаға ілесе алмайды. Себебі кейде қыстың күндері қарда жүретін көлікке атпен шауып жете алмайсың. Ал жазды күндері мотоцикл болғаны дұрыс. Оған қоса, рация да қажет.

Инспекторларға 3 жылда бір рет киім беріледі. Атап айтқанда, қысқы, жазғы аяқ киімдер, шамамен 4 аяқ киім, ресми киім мен күнделікті киюге арналған киімді де қоса береді.

- Орманшылардың негізгі міндетіне не кіреді?

- Біз кәсіби өрт сөндіруші емеспіз, бірақ міндетіміз – өрттің алдын алу. Алдын алу деген не? Яғни демалушылар арасында үгіт-насихат, түсіндіру жұмыстарын жүргізу, өрт қауіпсіздігі ережелерін айту, өртті болдырмаудың жағдайын жасау. Өрт болған күннің өзінде оның жайылып кетпеуі үшін оқшаулау жұмыстарын жүргізу міндеті кіреді.

- Қазір қымбатшылықтың уақыты. Орманшылар заманға сай жалақы ала ма? Алғашқы тапқан айлығыңыз бен қазіргі айлығыңызда айырмашылық бар ма?

- Жұмысқа алғаш тұрған кезде, яғни 1989 жылдары тапқан айлығымыз қазіргіден құнды болатын. Керемет көп жалақы алмасақ та, айлық шамамен 37 сом болатын. Оның өзі қазіргіден құнды болатын. Қазір 150 мың теңгедей табамын. Ал жұмысқа жаңадан келіп жатқандардың жалақысы бұдан да төмен.

- Орманшының жұмыс күні реттелген бе?

- Біздің жұмыс күніміз реттелмеген. Мысалы, түнде, айталық сағат 3-тің кезінде найзағай түссе, орманда түні бойы жүреміз. Басты мақсат – өртті болдырмау. Өзіміз де табиғатқа жақын болғандықтан болар, жаңбырлы, найзағай түсетін күндері үнемі сақ жүреміз.

Бұрын ұлттық паркке келушілер мемлекеттік инспекторлар айтқан ережелерге құлақ асып, тыңдайтын. Мысалы, «отты жаққанда ережені сақтаңыз, отты жағуға арналған арнайы орындар бар, беталды жүрмеңіз, байқап жүріңіз» дегенді тоқтап, тыңдайтын. Ал қазіргі жастар квадроциклге мініп алып, ары-бері жүреді. Біздің оларды қуып жетуге шамамыз да жетпейді. Ал қыстыгүні қарда жүретін көлікпен біздің де, аңдардың да мазасын алады. Осындай жүйрік техникаға мініп алғандарды байқамай да қаласың. Бұрын орманшы болғанымда 2 300 гектар жерге қарайтынбыз. Қазір 1 000-1 500 гектар. Десе де маман жоқтықтан бір инспектор 3 мыңға жуық гектар жерді қарап жүр. Бірақ жүктеме екі есе болса да, алатын ақшасы тек бір инспектордың айлығы.

Адамдармен сөйлесу, түсіндіру жұмыстарын жүргізу, олармен бірге жүру – өте ауыр жұмыс. Өйткені мыңдаған гектар жерді айналып өту қиын. Орманның іші жазық емес, таулы, тасты жер. Барлық жерді бақылау мүмкін емес. Егер бір инспектор 500-800 гектар жерді бақыласа, ол жеңіл болады, бақылауды да дұрыс жүргізе алады.

- Абайдағы өрт туралы не айта аласыз...

- 1997 жылдары Абайдағыдай өрт бізде де болды. Бірақ Абайдағыдай 60 мың гектар емес. Өйткені Қарқаралы орманшылығының өзі 23 мың гектар ғана аумақты алып жатыр.

Енді Абайдағы өртке техниканың жетіспеушілігі де себеп болған деп ойлаймын. Орманшылар абдырап, өртті қалай сөндіруді білмей қалған шығар... Оның үстіне жел де күшті болды. Ойланып та үлгермей қалған болар. Оның ішінде техниканың ақауы да бар.

Өртті уақытында сөндіріп үлгеру деген  мүлде мүмкін емес. Өртке қатты желде ешқандай уақыттың да керегі жоқ. Қалың орманға кіргеннен кейін оны басу қиын.

15 әріптесіміз қайтыс болды. Иманы саламат болсын. Өте қиын. Біз де қорқып отырмыз. Себебі қазір өрт қауіпі жоғары кезең басталды.

- Мемлекеттік инспектордың бір жұмыс күні...

- Таң ата сағат 5-те ұйқымнан тұрамын. Сағат 6-ға қарай жұмысқа шығамын. Қазір жаз, керемет кезең ғой. Таудың биігіне барып, бәрін биіктен қарап аламын. Себебі орманның ішіне кірердің алдында жан-жақты бақылап, қандай жағдай болып жатқанын көріп алуға болады. Содан кейін барып орманның ішіне кіріп кетемін. Бізде түскі үзіліс деген жоқ. Таңертең орманға кіргеннен түстен кейін шамамен сағат 4 кезінде шығамын. Орманды жаяу аралаймыз. Қазір күн ыстық, ат шыдамайды, оның үстіне орманның ішінде шыбын-шіркей бар, атқа маза бермейді.

- Өрт қандай уақытта шығуы мүмкін?

- Өрттің шығатын уақыты, мысалы, бүгін найзағай түсіп кетсе, келесі күні бықсып-бықсып,  ертеңінде таңертең сағат 11-ден кейін басталуы мүмкін. Себебі дәл осы уақытта күн қыза бастайды.

Ал орманға келушілер өртті дұрыс сөндірмей тастап кетсе, кез келген уақытта өрт шыға салуы мүмкін.

Орманда жүргенде өрттің иісін тез сезіп, қай жерден шығып жатқанын тауып аламын.

Орманның ішінде жүргенде де беталды жүре бермейміз. Біз демалуға келушілердің жүруі мүмкін жерлермен жүреміз.

- Орман шаруашылығы саласына келетін кейінгі буынға айтар ағалық ақыл-кеңесіңіз...

- Орман шаруашылығы саласында жұмыс істеу үшін адамның бойында орманға, табиғатқа деген махаббаты, мінезі болуы керек. Мінезді адам ғана орманда жұмыс істей алады...

Табиғатты жанындай жақсы көрмесе, табиғатқа жаны ашымаса, орманда бітіретін ештеңе де жоқ. Маған әкеден балаға берілді ме, бойым үйреніп кетті ме, орманға жақынмын.

Жұмысқа келіп жатқандардың арасында орманмен байланысы жоқ, ілініп-салынып жүргендер де бар. Оларға айтарым: орманды тек қана жақсы көру керек, табиғатты сүю керек, сол кезде ғана жұмыс алға басады.

Мысалы, ұлым бала кезінен менің қасыма еріп жүретін, орманға бірге баратын, атқа бірге отыратын. Өзін қызықтырған сұрақтарын қоятын. Осыдан болар оның бойына орманға деген махаббат дарыған деп ойлаймын. Қазір «кішкентай өрт шықты» дегенді естісе, ұлым жоқ болып кетеді. Үлкен ұлым Атырауда жұмыс істейді, ол да инспектор. Міне, Махмұтовтар әулеті орманға әбден бауыр басып қалған деп айтсам артық болмас...

-Уақыт бөліп, сұқбат бергеніңізге рақмет!

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Кейіпкердің жеке мұрағаты
Өзгелердің жаңалығы