15 жұмыс күніне дейін: ОСК өтініштерді қарау мерзімін түсіндірді
Орталық сайлау комиссиясында сайлау науқаны кезінде келіп түсетін өтініштер мен шағымдардың қандай мерзімде қаралатыны түсіндірілді. Бұл туралы ҚР ОСК мүшесі Әсел Жанәбілова мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, мерзімді анықтау кезінде шағымдар мен өтініштерді ажырата білу маңызды. Себебі оларды қарау тәртібі заңнаманың әртүрлі нормаларымен реттеледі.
Мұнда екі мәселені ажыратып алу маңызды: шағымдар бар және өтініштер бар. Егер сайлау комиссияларының, олардың мүшелерінің әрекеттеріне немесе әрекетсіздігіне, сондай-ақ қабылдаған шешімдеріне қатысты шағымдар туралы айтатын болсақ, сайлау туралы заңнамаға сәйкес оларды жоғары тұрған сайлау комиссиясы үш күн ішінде қарайды, - деп түсіндірді Әсел Жанәбілова.
Ал өтініштерге қатысты қараудың басқа тәртібі қарастырылған.
Өтініштер Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекске сәйкес қаралады. Оларды қарау мерзімі – 15 жұмыс күні, - деп қосты ОСК мүшесі.
Айта кетейік, Қазақстанда сайлау күні 170 сайлау учаскесі стандартты уақыттан ерте, таңғы сағат 6:00-де жұмысын бастайды. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүйіндік брифинг барысында мәлімдеді.