15 жастағы қазақстандық теннисші Қырғызстанда өткен халықаралық турнирде жеңімпаз атанды
World Tennis Tour Juniors сериясындағы турнир 12 елден келген спортшылардың басын қосты
Ақтаулық 15 жастағы теннисші Нұрдәулет Балқан Қырғызстанда өткен J60 Cholpon-Ata халықаралық жасөспірімдер турнирінің жұптық сынында жеңімпаз атанды. Жарыс 17-23 тамыз аралығында Чолпон-Ата қаласының топырақ төселген корттарында өтті.
Балқан Гонконг өкілі Фу Ван Чоймен жұп құрып, өнер көрсетті.
Бірінші айналымда бұл дуэт қазақстандық Нұрислам Мұса мен Дамир Ниязов жұбын 6:1, 6:3 есебімен тізе бүктірді.
Ширек финалда Балқан мен Фу Ван Чой Қазақстаннан келген Егор Сорокин және Даниэль Юреклимен кездесті. Матч халықаралық дуэттің пайдасына 7:5, 7:6 (1) есебімен аяқталды.
Жартылай финалда оларға турнирдің бірінші ракеткалары – Израиль өкілі Давид Могилевский мен Үндістаннан келген Паншул Убовея қарсы тұрды. Балқан мен оның серігі 6:4, 6:1 есебімен басым түсті.
Финалда қазақстандық-гонконгтық дуэт ресейлік Артем Голиков пен беларусьтік Иван Притюпаға қарсы ойнады. Тартысты бәсеке де Балқан мен Фу Ван Чойдің жеңісімен аяқталды – 6:2, 6:3.
Теннис орталығының бапкері Берекет Жәнібековтің айтуынша, бұл жарыс жас спортшы үшін үлкен тәжірибе болып, қосымша халықаралық ойын тәжірибесін жинауға мүмкіндік берді.