15 сәуірден бастап зейнетақы жинағындағы ақшаны тіс емдеуге қайтадан пайдалануға болатыны рас па?
15 сәуірден бастап зейнетақы ақшасын тіс емдеуге пайдалануға болады деген ақпарат тарады. Бұл рас па? “Отбасы банк” ресми жауап берді.
Желіде 15 сәуірден бастап зейнетақы жинағындағы ақшаны тіс емдеуге қайтадан пайдалануға болатыны туралы ақпарат тарады. Расында кейбір дереккөздерде ақшаны тіс емдеу үшін пайдалану тек 2026 жылдың 15 сәуіріне дейін тоқтатылатыны жазылған. Анық-қанығын BAQ.KZ тілшісі “Отбасы банк” өкілдерінен сұрап білді.
Бұл ақпарат қайдан шықты?
Threads әлеуметтік желісіндегі ikenes парақшасында біржолғы зейнетақы төлемдерін тісті емдеуге пайдалану үшін өтінім қабылдау 2026 жылғы 15 сәуірден бастап қайта басталатыны жазылған.
Сонымен қатар, былтыр uchet.kz сайты тістерді емдеуге өтінім қабылдау 2026 жылғы 15 сәуірге дейін тоқтатылғанын жазған.
“Отбасы банк” жауабы
Алайда “Отбасы банк” редакциямызға берген жауабында бұл ақпаратты жоққа шығарды.
15 сәуірден бастап ақшаны тіс емдеуге пайдалануға қайтадан өтінім қабылданады деген жалған ақпарат. Ол мәселе әлі шешілген жоқ. Біз өтінім қабылдау 15 сәуірге дейін тоқтатылады деп те айтқан жоқпыз. Тек белгісіз деп хабарладық, - дейді “Отбасы банк” өкілі.
Арнайы сервис әзірленіп жатыр
Бұған дейін Отбасы банкінің басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова биыл 10 наурызда Үкіметтегі баспасөз конференциясында зейнетақы жинағындағы артық қаражатты емделуге пайдалану мәселесіне қатысты пікір білдірген болатын.
Ол алаяқтық схемалардың салдарынан қалған азаматтарға зейнетақы жинағы есебінен тіс емдеу мүмкіндігінсіз қалуы әділетсіз деп есептейтінін айтты. Ибрагимованың сөзінше, банк онлайн-өтінім беруге арналған сервисті әзірлеп жатыр.
Біз Денсаулық сақтау министрлігімен тығыз байланыста отырмыз. Біздің мақсатымыз - қызметті қолжетімді әрі ашық ету. 2026 жылдың соңына дейін бұл процесті онлайнға айналдырсақ деп отырмыз, - деген еді Ибрагимова.
Әзірге, болжам бойынша, тіс емдеу қызметін көрсететін барлық клиника жүйеге енгізіледі. Атқарылған жұмыс акті онлайн форматта толтырылады.
Ақшаны тіс емдеуге пайдалану не үшін тоқтатылып еді?
Былтыр 15 қыркүйектен бастап зейнетақы жинақтарын тіс емдеуге пайдалануға толық тыйым салынған болатын. Денсаулық сақтау министрлігі мұндай шешімді зейнетақы жинақтарын стоматологиялық қызметтерді төлеуді сылтауратып, ақшаны заңсыз шығару фактілерінің жиілеуімен байланысты қабылдаған.
Шешім медициналық құжаттарды қолдан жасау және зейнетақы жинақтарын мақсатсыз пайдалану жағдайларының көптігіне байланысты қабылданды, – делінген құжат жобасында.
Министрлік мәліметінше, стоматологиялық қызметтерді төлеуге берілген өтінімдерді талдау нәтижесінде азаматтардың қаражатының бір бөлігі алаяқтық схемалар арқылы бірқатар клиникалардың пайдасына шығарылған.
Ал 2 қазанда ҚМА осындай қылмыстық жолмен ақша шығарып алған стоматологиялық клиникалардың иелеріне іздеу салды. Олар 46 млрд теңгеден астам қаражатты БЖЗҚ заңсыз шығару мақсатында қылмыстық схемаларды ұйымдастырды деген күдікке ілінген. Бұл мақсатта олар тіс емдеу қызметі көрсетілгендей жалған медициналық құжаттарды рәсімдеген.
Олар Маңғыстау және Атырау облыстарындағы 7 стоматологиялық клиниканы пайдаланған. Бұл мекемелер іс жүзінде ешқандай медициналық қызмет көрсетпеген болып шыққан.
ҚМА мәліметінше, мұндай қылмыстық схема арқылы 200 млрд теңге шығарылған.
Сымбат Сатыбалдина