1 Қыркүйек 2026, 10:01 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

15 қыркүйекке дейін: Кімдер салық декларациясын тапсыруға міндетті?

Ел тұрғындары 2026 жылғы 15 қыркүйекке дейін 250.00 және 270.00 нысандары бойынша тиісті есепті тапсыруы тиіс.

2026 жылғы 15 қыркүйекке дейін қазақстандықтар 250.00 нысаны бойынша активтер мен міндеттемелер туралы немесе 270.00 нысаны бойынша кірістер мен мүлік туралы декларация тапсыруы тиіс. Дегенмен, бұл міндеттеме елдің барлық азаматына бірдей жүктелмейді. Салық органдары алдында кімдер есеп беруі керек, декларацияда не көрсетілуі тиіс және мерзімді бұзғаны үшін қандай жауапкершілік қарастырылған? BAQ.KZ тілшісі мәселені тереңірек саралап көрді.

Декларацияны кімдер тапсыруы керек?

2026 жылдан бастап декларациялау тәсілі өзгерді. Енді қазақстандықтардың басым бөлігіне жыл сайын декларация тапсырудың қажеті жоқ. Бұл міндет тек белгілі бір негіздер туындағанда ғана пайда болады.

250.00 нысаны – активтер мен міндеттемелер туралы декларация. Әдетте бұл құжат тиісті міндеттеме туындаған кезде бір рет қана тапсырылады.

2026 жылы бұл декларацияны шетелде белгілі бір мүлкі мен активтері бар Қазақстан азаматтары мен резиденттері, цифрлық актив иелері, жеке практикамен айналысатын жекелеген тұлғалар, сондай-ақ сайланбалы және мемлекеттік лауазымдарға кандидаттар мен олардың жұбайлары тапсыруға міндетті. Сондай-ақ, банктердің, сақтандыру ұйымдарының және бағалы қағаздар нарығының ірі қатысушысы мәртебесінен үміткер тұлғалар мен олардың жұбайлары үшін де осындай талап қарастырылған.

250.00 нысанында шетелдегі жылжымайтын мүлік пен көлік, шетелдік компаниялардағы үлестер, бағалы қағаздар, туынды қаржы құралдары, инвестициялық алтын, цифрлық активтер, шетелдік брокерлік шоттардағы ақша және заңнамада көзделген басқа да активтер көрсетіледі.

Егер шетелдік банктердегі шоттардағы ақшаның жалпы сомасы 1000 АЕК-тен асатын болса, бұл мәліметтер де декларациялануға жатады.

Бұдан бөлек, декларацияда 10 мың АЕК шегіндегі қолма-қол ақшаны, сондай-ақ растайтын құжаттары болған жағдайда дебиторлық және кредиторлық берешекті көрсетуге болады.

Мемлекеттік кірістер комитеті (МКК) ескертеді: егер берешек жеке тұлғалар арасында болса, ол нотариалды түрде расталған болуы тиіс. Ал жеке тұлға мен заңды тұлға арасындағы берешек тиісті құжатпен (мысалы, салыстыру актісі) дәлелденеді. Сонымен қатар, сот шешімі де берешектің бар екенін растайтын құжат ретінде есептелді.

270.00 нысанын кімдер тапсырады?

270.00 нысаны бойынша кірістер мен мүлік туралы декларация 2026 жылы 2025 жыл үшін ұсынылады.

Бұған дейін 250.00 нысанын тапсырған азаматтар енді жыл сайын 270-декларацияны тапсыруға міндетті емес. МКК түсіндіргендей, ол Салық кодексінде көзделген нақты негіздер болғанда ғана беріледі.

Бұл декларацияны тапсыруға міндетті тұлғалар:

  • Мемлекеттік қызметшілер, оларға теңестірілген тұлғалар және олардың жұбайлары;
  • Банктердің, бағалы қағаздар нарығының және сақтандыру ұйымдарының ірі қатысушылары және олардың жұбайлары;
  • Заңды тұлғалардың басшылары, жарғылық капиталындағы үлесі немесе акционерлік қоғамдағы акциялары 10%-дан асатын құрылтайшылар мен қатысушылар, сондай-ақ олардың жұбайлары;
  • Жеке кәсіппен айналысатын тұлғалар, цифрлық актив иелері, шетелде белгілі бір активтері мен банк шоттары бар азаматтар;
  • 2025 жылы өз бетінше салық салуға жататын кіріс алған азаматтар (мысалы, шетелден кіріс алу немесе мүлікті сату кезінде түскен табыс).

Егер адам 2025 жыл ішінде заңнамада көзделген мүлікті жиынтық құны 20 мың АЕК-тен жоғары сомаға сатып алса, ол да декларация тапсыруы тиіс. 2025 жылы қолданыста болған АЕК мөлшерін есепке алғанда, бұл 78,64 млн теңгеден асатын сома.

Мысалы, егер жыл ішінде азамат 70 млн теңгеге пәтер және 15 млн теңгеге автокөлік сатып алса, сатып алулардың жиынтық құны белгіленген шектен асады, демек ол декларация тапсыруға міндетті.

Криптовалюта мен шетелдегі пәтер де есепке алынады

Салық органдары шетелдік және цифрлық активтерге ерекше назар аударады.

Егер азаматтың есепті кезеңнің соңында Қазақстаннан тыс жерлерде жылжымайтын мүлкі, белгілі бір шетелдік бағалы қағаздары, шетелдік компаниядағы үлесі немесе басқа да активтері болса, бұл декларация тапсыруға негіз болуы мүмкін. Цифрлық активтерге де осы талап қойылады.

270.00 нысанында сондай-ақ, егер олардың жиынтық сомасы заңнамада белгіленген шектен асса, шетелдік банктердегі шоттардағы ақша да шағылысады.

Ал Қазақстанда тіркелген пәтерлер мен автокөліктер туралы мәліметтерді салық органдары мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алады. Дегенмен, қымбат мүлікті сатып алудың өзі декларация тапсыру міндетін туындатуы мүмкін.

Азаматтардың жекелеген санаттары үшін мүлікті сатып алуға жұмсалған шығыстарды жабу көздерін ашу міндеті қарастырылған. Мысалы, пәтер сатып алған мемлекеттік қызметші декларацияда сатып алудың қай қаржы есебінен жүзеге асырылғанын (өз жинақтары, басқа мүлікті сатудан түскен ақша, ипотекалық несие немесе басқа да көздер) көрсетуі қажет.

Егер пәтер сыйға тартылған болса, мұндай ақпаратты көрсету міндеті болған жағдайда, сыйға тарту туралы тиісті мәліметтер жазылады.

15 қыркүйекке дейін үлгермесе не болады?

Салықтық декларацияны уақытылы ұсынбаған азаматтар үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

Астана қалалық адвокаттар алқасының адвокаты Айдар Советбековтің айтуынша, егер азамат белгіленген мерзімді бірінші рет өткізіп алса, оған ескерту жасалады.

Декларацияны уақытында тапсырмаудың алғашқы фактісі бойынша заңнамада ескерту қарастырылған. Егер азамат жауапкершілікке тартылғаннан кейін бір жыл ішінде салықтық есептілікті тапсыру мерзімін қайталап өткізіп алса, 15 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған, – деп түсіндірді адвокат.

2026 жылғы АЕК мөлшері 4 325 теңге екенін ескерсек, 15 АЕК 64 875 теңгені құрайды.

Толық емес немесе бұрмаланған мәліметтерді ұсынғаны үшін де бөлек жауапкершілік бар. Адвокаттың айтуынша, салық салу объектісін жасырумен байланысты емес бірінші бұзушылық кезінде ескерту беріледі, ал бір жыл ішінде қайталанса – 3 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.

Кате жіберсеңіз, қайта түзеуге болады

Декларацияны толтыру кезінде жіберілген барлық қате үшін айыппұл салына бермейді. Салық төлеуші тиісті есепті кезең үшін қосымша декларация тапсыру арқылы өзгерістерді өз бетінше енгізе алады.

Егер адам декларацияда қате жіберсе немесе мүлкін не кірісін көрсетуді ұмытып кетсе, ол қосымша салықтық декларация беру арқылы өзгерістер мен толықтырулар енгізуге құқылы. Сондықтан қатені өзіңіз байқасаңыз, салық органының әрекетін күтпей, мәліметтерді бірден түзеген дұрыс, – деп атап өтті Айдар Советбеков.

Егер қателіктерді камералдық бақылау шеңберінде мемлекеттік кірістер органдары тапса, салық төлеушіге хабарлама жіберілуі мүмкін. Мұндай жағдайда оны белгіленген мерзімде орындау маңызды.

Деректерді жасыру мен байқамай қате жіберудің айырмашылығы бар

Адвокат декларацияны толтыру кезіндегі қарапайым қатені салық салу объектісін жасырудан ажырата білу керектігіне назар аударды. Қателіктерге техникалық дәлсіздіктер, жекелеген деректерді қате көрсету немесе азаматтың білместігі жатуы мүмкін.

Ал салық салу объектісін жасыру бұдан да салмақты салдарға әкеледі.

Салық салу объектілерін жасырғаны үшін төленбеген салықтар сомасының 200% мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Бір жыл ішінде қайталанған жағдайда айыппұл мөлшері төленбеген салық сомасының 300%-ын құрауы мүмкін, – деді Айдар Советбеков.

Салық органының шешіміне шағымдануға бола ма?

Егер азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылумен келіспесе, ол қабылданған шешімге заңда белгіленген тәртіппен шағымдануға құқылы.

Адвокаттың сөзінше, шағымдану тәртібі салық органының қандай акт шығарғанына байланысты. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулыға заңнамада белгіленген тәртіппен шағым жасауға болады. Мемлекеттік кірістер органдарының хабарламалары мен басқа да шешімдеріне шағымдану үшін бөлек механизм қарастырылған.

Сондай-ақ сарапшылар декларация тапсыру қажеттілігі туралы енді білген азаматтарға оны толтыруды соңғы күнге қалдырмауға кеңес береді.

Декларацияны «Салық төлеушінің кабинеті», Электрондық үкімет порталы, e-Salyq Azamat және eGov mobile мобильді қосымшалары, сондай-ақ бірқатар банктердің қосымшалары арқылы тапсыруға болады. Сонымен бірге оны қағаз түрінде ұсыну мүмкіндігі де сақталған.

Декларацияларды тапсырудың соңғы мерзімі – 2026 жылғы 15 қыркүйек.