15 қараша – Ұлттық валюта күні: Теңгенің тарихы

15 қараша – Ұлттық валюта күні. Биыл төл теңгеміздің қолданысқа енгізілгеніне 32 жыл толды. Бұл күнді қаржы секторында еңбек ететін мамандар кәсіби мереке ретінде атап өтеді, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Теңгенің тарихы

Ұлттық валютаны дайындау жұмыстары бір жылға созылды. 1992 жылы жаңа валютаны әзірлеу үшін арнайы жұмыс тобы құрылып, олар ең алдымен Қазақстан мәдениеті мен тарихындағы ақшаның шығу ерекшеліктерін зерттеуден бастады. “Теңге” атауын ұсынған – белгілі экономист Сауық Тәкежанов. Ол ақша бірлігін ежелгі түркілердің “танга”, “доңға”, “тенга” сөздерінен шыққан “теңге” деп атауды ұсынды.

1993 жылдың 12 қарашасында Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын енгізу туралы” жарлыққа қол қойды. Ал 15 қараша күні теңге ресми түрде айналымға енді.

Алғашқы банкноттар Қазақстанға Ұлыбританиядан жеткізілді. 1995 жылы елімізде өз банкнот фабрикасы ашылды. Бүгінде банкноттар Алматыдағы фабрикада, ал монеталар Өскемендегі Қазақстан теңге сарайында жасалады.

Теңгенің даму кезеңдерінен бірнеше маңызды сәттер:

  • 1995 жыл – коллекциялық монеталардың алғашқы сериясы шықты (Абай Құнанбаевтың 150 жылдығына арналған);
  • 1996 жыл – алғашқы инвестициялық монеталар – “Жібек жолы” сериясы шығарылды;
  • 2006 жыл – “Бәйтерек” монументі бейнеленген жаңа дизайн айналымға енгізілді;
  • 2007 жыл – теңгенің ресми символы бекітілді;
  • 2011 жыл – банкноттар қатары “Қазақ елі” монументі бейнеленген сериямен толықты;
  • 2023 жыл – KÓKBÓRI инвестициялық монеталары мен “Сақ стилі” банкноттарының жаңа сериясы таныстырылды.

Ұлттық валютаны кімдер жасады?

Ұлттық валютаны әзірлеу бойынша жұмыс тобын сол кездегі Ұлттық банк төрағасы Дәулет Сембаев басқарды.

Алғашқы банкноттардың дизайнын жасаған танымал суретшілер:

  • Тимур Сүлейменов
  • Меңдібай Алин
  • Ағымсалы Дүзелханов
  • Досбол Қасымов
  • Хайрулла Ғабжалилов

1992 жылы Үлбі металлургия зауытының базасында Қазақстан теңге сарайы құрылды, ал 1993 жылы алғашқы монеталар шығарылды.

Теңгеде қолданылатын қорғаныс элементтері әлемдік деңгейге сай: арнайы қағаз, бояулар, голографиялық фольга, полимерлі субстраттар бар. Мысалы, 20 000 теңгелік банкнотта 25 түрлі қорғаныш элементі қолданылады.

Экономист Қуанышбек Дүйсеновтің айтуынша, теңгенің енгізілуі Қазақстанның экономикалық тәуелсіздігін орнықтыруда шешуші рөл атқарды.

Ұлттық валютамыз көптеген сыртқы және ішкі экономикалық сынақтарға қарамастан тұрақты жұмыс істеп келеді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Қазақстан рубль аймағында қалса, ел үшін бірқатар тиімсіз шарттар туындайтын еді. Сондықтан теңгенің енгізілуі – экономикалық тәуелсіздігімізді қамтамасыз еткен маңызды қадам болды, – деді ол.

Теңгенің халықаралық жетістіктері

Қазақстандық банкноттар үш жыл қатарынан “Әлемнің ең үздік банкноты” атағын иеленді:

  • 2011 ж. – Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған 10 000 теңгелік банкнот;
  • 2012 ж. – “Қазақ Елі” сериясындағы 5 000 теңгелік банкнот;
  • 2013 ж. – 1 000 теңгелік “Күлтегін” ескерткіш банкноты.

IBNS тарихында бір елдің банкноттары үш жыл қатарынан үздік атанған жалғыз жағдай – Қазақстан.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: BAQ.KZ
Өзгелердің жаңалығы