15 мың қазақстандық Coursera білім беру платформасында тегін оқуды аяқтады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ мен Coursera онлайн оқыту платформасының бірлескен жобасы аясында 15 мың қазақстандық түрлі бағыттар бойынша тегін курстарда оқуды аяқтады.

Әлемге әйгілі Coursera платформасы қазақстандықтарды оқыту үшін 2020 жылғы 15 қыркүйектен 2021 жылғы 14 ақпанға дейінгі кезеңге квоталар бөлді. Жобаны іске асыру қорытындысы бойынша 15 мыңнан астам азамат әлемнің жетекші сарапшыларының, оқу ұйымдары мен университеттерінің, соның ішінде GOOGLE, IBM, Facebook, Stanford University, Yale University, Johns Hopkins University, Princeton University және т. б. 500-ге жуық курстарынан өтті. Жобаға қатысушылар барлығы 335 мың сағат оқудан өтті, 3 мыңға жуық адам екі және одан да көп курстарды аяқтаған, - делінген хабарламада.

Қазақстандықтар арасында IT және компьютерлік ғылымдар, бизнес, тілдерді оқыту, гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар, жеке жаму сияқты бағыттар сұранысқа ие болды. ТОП-5 курсқа «Teach English Now! Technology Enriched Teaching», «Programming for Everybody (Getting Started with Python)», «Business English: Basics», сонымен қатар «Жобалар мен өнімдермен жұмыс жасаудағы Agile мен Scrum» және «Python-ға ену» кіреді. 

Онлайн оқыту әсіресе жастар арасында танымал болды: білім алушылардың ең көп саны «26-дан 30 жасқа дейін» және «21-ден 25 жасқа дейін» жас санатына жатады. Одан кейін «31-35 жас» және «20 жасқа дейінгі» топтар. 

Жоба қатысушылары коммуникация, кәсіпкерлік, көшбасшылық және менеджмент, компьютерлік бағдарламалау, сондай-ақ бизнес-талдау дағдыларын игерді және дамытты. 

Қатысушылардың қалдырған пікірлеріне сәйкес, көпшілігі Coursera ең танымал онлайн оқыту платформасында сұранысқа ие дағдыларды үйренуге мүмкіндік берілгеніне қуанышты болды.  

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы