15 млн теңгеге дейін: ҚҚС бойынша шекті төмендету ұсынылды
Үкімет қосымша құн салығы бойынша кәсіпорындарды есепке қою шегін төмендетуді ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин осындай ұсынысты айтты.
Бүгінгі таңда кәсіпорындардың тек 4%-ы ҚҚС төлейді. Көптеген компания салық салуды болдырмау үшін бизнесті жасанды түрде бөлшектейді. Бұл салық жүйесін бұзады және ҚҚС-ты қалыпты есепке жатқызуға кедергі келтіреді. Сондықтан есепке қою шегін 80 млн теңгеден 15 млн теңгеге дейін төмендету ұсынылады, - деп айтты ол.
Айтуынша, шығындарды бөлшектеу құны бөлшектеуден түсетін пайдадан асып түсетін жағдайлар жасалады. Бұл бизнес үшін тең жағдай жасайды, жалтару схемаларын болдырмайды. Серік Жұманғарин бұл мәселеде Үкімет халықаралық тәжірибеге бағдарланып отырғанын айтты.
Экономикасы дамыған және дамушы елдердің көпшілігінде ҚҚС шекті мәні әлдеқайда төмен немесе мүлдем жоқ. Мысалы, Канадада, Кореяда, Скандинавия елдерінде, Шығыс Еуропаның бірқатар елдерінде және біздің жақын көршілерімізде, Ресейде, Өзбекстанда, Қырғызстанда Қазақстанға қарағанда шекті мән төмен, - деп мысал келтірді ол.
Айта кетейік, Үкіметтің отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов салық реформасын өңірлерде егжей-тегжейлі талқылау керегін айтты. Кім салық төлемейтіні туралы да осыған дейін жазғанбыз.