1,5 млн-нан 2 млн теңгеге дейін: Шымкентте мұғалімдер арасында ақша жинау туралы әңгіме тарады
Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Нұргүл Шәмшиева «жайлы мектептерге» мұғалімдер қалай қабылданатынын айтып, мұғалімдерге ескерту жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Шымкентте Жұлдыздағы «Жайлы мектеп» қашан пайдалануға беріледі? Оған білікті ұстаздар конкурспен қабылданады екен, сонда біліксіздер қалып қоя ма? – деп сұрады журналист Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Нұргүл Шәмшиева.
Ол мектеп 2025 жылы пайдалануға берілетінін айтты.
Қарапайым мектептерде біліксіз мұғалім жұмыс істей алады, ал «Жайлы мектепте» біліксіз мұғалім жұмыс істей алмайды деген әңгіме болмауы керек. «Жайлы мектептерді» кадрлармен толықтыру мәселесі қалай шешіледі? Алдымен басшысынан бастайын. Министрлік «1000 көшбасшы» деген жоба жүргізген. Биыл пайдалануға берілетін 12 мектептің 9-ына осы көшбасшылар резервінен тағайындадық. Әр елдімекенге барып, директорларды таныстырдық. Қазір 9 мектептің әрқайсысында 5 қана штаттық кесте бар. Олар: директор, шаруашылық жөніндегі орынбасар, шаруашылық меңгерушісі, бухгалтер және арнайы инженерлер, - деді басқарма басшысы.
Сөзінше, осы 5 маман қазір «жайлы мектептерде» жұмыс істеп жатыр.
Нұргүл Шәмшиева «жайлы мектептерде» мұғалімдер құрамы қалай қалыптастырылатынын түсіндірді.
Мұғалімдер қасындағы көшетін мектептерден ауысып келеді. Мысалы, бастауыш сынып толығымен көшсе, ол сынып өзінің мұғалімімен бірге келеді. Өйткені ол мұғалімнің жүктемесі сол сыныппен шектеледі. Тағы бір мысал, егер қазақ тілінен беретін Қарлығаш апайдың 16 сағат жүктемесі бар сыныптары толығымен осы мектепке көшетін болса, онда Қарлығаш апай да көшеді. Өйткені қазақ сыныптарында қазақ тілі аптасына 5 сағаттан болады. Яғни Қарлығаш апайдың жүктемесін қамтамасыз ету үшін 3 сынып ауысса жеткілікті. Ал аптасына 1-2 реттен болатын химия, биология, тарих, информатика сияқты пәндерде жағдай күрделірек. Мысалы, информатика пәні мұғалімінің апталық жүктемесін жинап беру үшін ол мұғалімнің апталық жүктемесін құрайтын барлық сынып көшуі керек болады, - деп түсіндерді ол.
Айтуынша, ауысу тәртібімен келетін мұғалімдер өзінің толық жүктемесімен келеді. Ал қалған бос орындарға мұғалімдер заңнамаға сәйкес конкурстық негізде қабылданады. Ол бос орынға кез келген маман құжат тапсыра алады. Оған ешқандай шектеу қойылмайды.
Атап өтетіні, қазір конкурста комиссия жоқ. Порталға құжаттарын тапсырады. Мысалы, шартты түрде алатын болсақ, сіз колледж бітірген болсаңыз, 3 балл, оны қызылға бітірсеңіз 5 балл, университет бітірген болсаңыз, 7 балл, оны қызылға бітірсеңіз 9 балл. Магистр болса, тағы қосылады. Яғни балдық жүйе арқылы мұғалімнің жетістіктері автоматты түрде есептеледі. Барлық жетістіктің жиындық балы есептеліп, соңында сайтта автоматты түрде жеңімпаздың аты-жөні шығады. №140 мектепке, басқа да «жайлы мектептерге» «бір кісілер» келіп, «ақшаларыңды жинаңдар, бастауышқа 1,5 млн теңге, жоғары сыныпқа 2 млн теңге» деген сияқты әңгімені айтып жатқанын мен де естіп жатырмын, - деді Нұргүл Шәмшиева.
Шымкент білім басқармасы басшысы «ҚР-дағы Сыбайлас жемқорлық туралы» заңға сәйкес пара берген де, пара алған да жазаланатынын еске салды.
Сондықтан біреудің сөзіне алданып, ақшаларыңызды беріп, жұмысқа да тұра алмай, ақшасыз да, жұмыссыз да қалып қоймаңыздар. Өйткені жаңа айтқанымдай, портал автоматты түрде есептеп шығарады. Оған ешкім ықпал жасай алмайды,- деді ол.