ШҚО-да көлік нөмірінің көшірмесі 15 күнде жасалады

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Көлік құралының мемлекеттік нөмір белгісінің көшірмесін беру қызметі 15 жұмыс күні ішінде көрсетіледі. Бұл жөнінде ШҚ Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихаты барысында айтылды.

«Көлік құралдарын сәйкестендіру нөмірлері бойынша тіркеу және тіркеуден шығару, сондай-ақ көлік құралының тіркеу куәлігі мен мемлекеттік нөмір белгілерін беру үрдісі мемлекеттік қызмет көрсету стандартына сәйкес көрсетілетін қызмет түріне жатады. Яғни, көлік нөмірінің көшірмесін беру көрсетілетін мемлекеттік қызмет түрінің бірі болып саналады. Стандартқа сәйкес, биыл көлік құралының мемлекеттік тіркеу нөмірінің бір дана көшірмесін дайындау 1,4 айлық есептік көрсеткішті, яғни 3 535 теңгені құрайды», - деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ШҚО бойынша Департаментінің басшысы Жанна Қабдолдақызы.

Жауапты тұлғаның айтуынша, көлік нөмірінің көшірмесін алуды ойлаған азаматтар Полиция басқармасының тіркеу-емтихан бөлімшелеріне немесе Семей қаласында орналасқан Мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығына жүгінулері қажет. Ол үшін жеке куәлік пен мемлекеттік алымның төленгені туралы түбіртек болса болғаны, қызмет 15 жұмыс күні ішінде көрсетіледі.


«Өңірлік басқармаларда көлік нөмірінің көшірмесін беру 15 жұмыс күні ішінде көрсетілсе, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында нөмір көшірмесін екі-үш, әрі кеткенде төрт күнде дайындап беретін станциялар бар. Тұрғындардың тығыздығына байланысты аталмыш қалаларда осындай жедел жұмыстар қолға алынған. Көлік нөмірі түрлі жағдайларға байланысты жоғалып, я болмаса жол-көлік оқиғалары кезінде майысып қолданысқа келмей қалуы мүмкін. Жоғалған нөмірді өзге біреулер тауып алып өз мақсаттарына жаратуы ықтимал. Осы себепті біз көбінесе көлік нөмірін ауыстыруды ұсынамыз. Егер жүргізуші нөмірді сатып алған болса, айталық жарты миллион теңгеге делік. Әрине ондай кезде көліктің нөмірі мен техникалық төлқұжатын ауыстырса екі шығынға бататыны белгілі. Мұндай жағдайда азаматтар көлік нөмірін ауыстырмай оның көшірмесін алуға мәжбүр болатыны анық», - деп қосты облыстық Полиция Департаментінің Әкімшілік полиция басқармасы басшысының орынбасары Рифхат Тауфиков.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы