147 млрд теңге бюджетке қайтты: Бас прокуратураның жартыжылдық есебі жарияланды
Активтерді қайтару, инвесторларды қорғау және экстрадиция. Алқа отырысында қандай мәселелер көтерілді?
Бас прокурор Берік Асыловтың төрағалығымен Бас прокуратураның 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы қызмет қорытындыларына арналған кеңейтілген алқа отырысы өтті.
Жиында әлеуметтік бағдарламалардың тиімді іске асырылуын қамтамасыз ету және заңдылықты сақтау бағытында атқарылған жұмыстардың нәтижелері қаралды.
Бас прокуратураның мәліметінше, прокурорлардың қабылдаған шараларының арқасында мемлекет пайдасына 147 млрд теңге өндірілген. Бұл қаржы мүлік, салық, экологияға келтірілген залал және басқа да міндетті төлемдер есебінен қайтарылған.
Сонымен қатар Президенттің мемлекеттік басқару тиімділігін арттыру жөніндегі тапсырмасын орындау аясында прокурорлар 342 млрд теңге көлеміндегі бюджет қаражатының заң бұзушылықтармен жұмсалуына жол бермеген. Атап айтқанда, шығыстарды негізсіз жоспарлау, бәсекелестікті шектеу және артық тауарлар мен қызметтерді сатып алу фактілерінің алдын алу шаралары қабылданған.
Активтерді қайтару жұмыстары да жалғасып жатыр. Биыл мемлекеттен заңсыз шығарылған 40 млрд теңге көлеміндегі актив қайтарылған. Оның ішінде 37,7 млрд теңге ақшалай қаражат болса, 2,3 млрд теңгесі мүлік түрінде өндірілген.
Арнаулы мемлекеттік қор қаражаты есебінен ел бойынша 39 әлеуметтік нысан пайдалануға берілді. Олардың қатарында Ақтаудағы жедел медициналық жәрдем станциясы, Шымкенттегі студенттер жатақханасы, Астанадағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы футбол стадионы және Балқаш әуежайын реконструкциялау жобасы бар.
Алқа отырысында инвесторлардың құқықтарын қорғау мәселесіне де ерекше назар аударылды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған Инвесторлардың құқықтарын қорғау жөніндегі комитет өз жұмысын бастаған. Қазіргі уақытта прокурорлардың сүйемелдеуінде 3 мыңнан астам инвестициялық жоба бар. Бұл жобалар аясында 600 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.
Халықаралық ынтымақтастық бағытында да жұмыстар жалғасуда. Бас прокуратураның қоржынында 39 юрисдикциямен жасалған 92 екіжақты шарт бар. Биыл Қазақстанға түрлі мемлекеттерден 27 адам экстрадицияланып, шет елдерге 70 адам берілген.
Жиын қорытындысында Бас прокурор алдағы кезеңдегі жұмыстың басым бағыттарын айқындады. Оның айтуынша, прокуратура органдары цифрлық трансформацияны жалғастырып, құқық бұзушылықтарға жедел ден қою және барлық салада заңдылықты нығайту бағытындағы жұмыстарды күшейтеді.
Тағы оқи отырыңыздар: Бас прокуратура: 2 мыңнан астам жетім баланың тұрғын үй құқығы қалпына келтірілді