145%: АҚШ пен Қытай текетіресі қайда апарады
АҚШ президенті Дональд Трамп Қытайдан келетін тауарларға баж салығын 145 пайызға дейін көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы 10 сәуірде Ақ үйге сілтеме жасап CNBC мәлімдеді.
АҚШ-тың Қытай импортына баж салығы қазір 145% құрайды, – деп растады Ақ үйдің ресми өкілі.
Өз кезегінде АҚШ вице-президенті Дж.Д.Вэнс Трамп бейбітшілікті қалайтынын, сонымен бірге әділ сауда мен «Америка экономикасы үшін өзін-өзі қамтамасыз етуді» қалайтынын айтты.
Күні бұрын Қытай Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Лин Цзянь тарифтік сауда соғысында жеңімпаздар жоқ деп мәлімдеді. Ол сондай-ақ АҚШ тарифтік соғыс пен сауда соғысын бастауды талап етсе, Қытай соңына дейін баратынын атап өтті.
9 сәуірде АҚШ президенті Дональд Трамп АҚШ-тың Қытайға салынатын сауда тарифтерін дереу 125%-ға дейін көтеретінін мәлімдеді. Сол күні Қытай билігі өз кезегінде қайтарым ретінде АҚШ-тан әкелінетін тауарларға баж салығын 84 пайызға дейін көтеру туралы шешім қабылдады.