1400 шақырымнан астам жол тексеріледі

Ертіс өңіріндегі бір жыл ішінде 1400 шақырымнан астам жолдың сапасын тексеру жоспарланған, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.

Мамандардың айтуынша, жолдарды жөндемес бұрын алдымен диагностикалық шараларды өткізген дұрыс. Павлодардағы жол сапасы активтері орталығының өкілдері тас жолдың сапасын көшпелі заманауи кешеннің көмегімен тексереді.

Биыл 1493 шақырымдық жолды диагностикамен қамтимыз. Олардың мыңға жуық шақырымын күтіп-баптау талаптары бойынша диагностикалаймыз. Жыл басынан бері республикалық маңыздағы «Омбы-Майқапшағай» тас жолының 365 шақырымын бақылап, сапасын тексердік. Тексеріс барысында жолдың жүктемесі, қозғалыстың қарқыны, жол жабындысының жағдайы мен өзге де олқылықтар бағаланды. Тексеріс нәтижесінде көлік құралдары қозғалысының қарқыны анықталды. Жол арқылы тәулігіне 2300-ден астам көлік өтеді. Жол жабындысының тегістігі талапқа сай болып шықты, - дейді орталық мамандары.

Жол ақаулары да белгілі болды. Олардың қатарында көлденең және тік жарықтар бар. Тексеріс шараларының қорытындылары салалық комитетке жолданбақ. Кейін шаралар қолға алынады. Айта кетейік, былтыр сала мамандары 1500 шақырымдық жол инфрақұрылымының жағдайын тексерген еді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: BAQ.KZ
Өзгелердің жаңалығы