140-тан астам шебер қатыспақ: Түркістанда халықаралық қолөнер көрмесі өтеді

Түркістан қаласында алғаш рет "Түркістан – қолөнершілер қаласы" халықаралық қолөнер көрмесі өтпек. Іс-шара Мемлекет басшысының туристік инфрақұрылымды дамыту, ұлттық мәдениетті қолдау және ішкі туризмді ілгерілету жөніндегі тапсырмасын орындау аясында ұйымдастырылады, деп хабарлайды BAQ.KZ Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап.

Көрме жаңа салынып жатқан Қолөнер орталығының аумағында өтеді. Жалпы ауданы 2,5 гектарды қамтитын жобаға 25 нысан кіреді. Олардың қатарында қолөнер шеберханалары, көрме павильондары, қонақүйлер, сауда және қоғамдық аймақтар бар. Құрылыстың жалпы құны – 5,5 млрд теңге, жоба толықтай жеке инвестиция есебінен қаржыландырылуда.

Туризм және спорт министрінің орынбасары Ержан Еркінбаевтың айтуынша, мұндай орталықтар ішкі туризм мен креативті экономиканы дамытуда маңызды рөл атқарады. Бұл көрме – Қолөнер орталығы аумағындағы алғашқы ірі іс-шара болмақ.

Облыстық туризм басқармасының хабарлауынша, көрмеге Қазақстанмен қатар шет мемлекеттерден 140-тан астам сәндік-қолданбалы өнер шебері қатысады. Келушілер дәстүрлі және заманауи қолөнер туындыларымен танысып, оларды сатып ала алады. Сонымен қатар шеберлермен кездесу, ұлттық тағамдар ұсынылатын гастро-жәрмеңке, әуе шарлары шоуы, AVTOFEST автошеруі және концерттік бағдарлама өтеді.

Айта кетейік, 2025 жылы Түркістанға ресми түрде "Қолөнершілер қаласы" мәртебесі берілді. Бұл – тарихи-мәдени мұрамызды сақтауға және қолөнершілерді қолдауға бағытталған маңызды бастама.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Туризм және спорт министрлігі
Өзгелердің жаңалығы