1,4 млрд теңге: Бишімбаевтың анасы құрылыс компанияларымен соттасты

Экс-министр Қуандық Бишімбаевтың анасы Альмира Нұрлыбекова мен бірнеше құрылыс компаниясы арасындағы сот дауы ресми түрде тоқтатылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Бұл жөніндегі тиісті бұйрықты "Астана" халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) соты шығарған.

Белгілі болғандай, бұл даудың өзегі – 1,4 млрд теңгеден асатын қарыз мәселесі. Кәсіпкер Альмира Нұрлыбекова аталған соманы құрылыс салушылардан халықаралық арбитраж арқылы өндіріп алуға талпынған.

АХҚО сотының судьясы сэр Стивен Ричардс 2026 жылғы 22 қаңтарда істі тоқтату туралы бұйрыққа қол қойған. Құжатта көрсетілгендей, тараптар – "Нұрлыбекова Эльмира Балтабаевна" жеке кәсіпкерлігі және "Millenium Project Group" ЖШС мен "Sensata Construction" ЖШС – ортақ мәмілеге келіп, барлық сот процестерін тоқтату жөнінде бірлескен өтініш берген.

Egov мәліметіне сәйкес, Millenium Project Group компаниясының құрылтайшысы – Baquat Group, оның иелері – Сергей Шереметьев пен Максим Михайлов. Ал Sensata Construction компаниясының құрылтайшысы ретінде Денис Керн көрсетілген.

Дау 2025 жылы басталған. Сол кезде Альмира Нұрлыбекова Халықаралық арбитраж орталығына жүгінген.

2025 жылғы 15 тамызда арбитраж ісі №12 бойынша арбитр Александр Коробейников шешім шығарып, Нұрлыбекованың талабын қанағаттандырған. Құрылыс компаниялары өтемақы төлеуге міндеттелгенімен, арбитраж шешімі өз еркімен орындалмаған болуы мүмкін.

Осыдан кейін Нұрлыбекова арбитраж шешімін мәжбүрлі түрде орындату үшін АХҚО Сотына жүгінуге мәжбүр болған.

2025 жылдың күзінде АХҚО соты экс-министрдің анасының пайдасына шешім шығарған. 2025 жылғы 3 қазандағы (№40 іс) көпшілікке қолжетімді қаулы мен бұйрықта судья Лорд Фолкс "Millenium Project Group" ЖШС мен "Sensata Construction" ЖШС-нен төмендегі сомаларды өндіріп алуды міндеттеген:

  • 1,2 млрд теңге (негізгі сыйақы ретінде);
  • 174,6 млн теңге (өзгенің ақшасын заңсыз пайдаланғаны үшін өсімпұл);
  • 1,9 млн теңге (арбитраж шығындарын өтеу).

Осылайша өндірілетін жалпы сома 1,4 млрд теңгеден асып кеткен.

Құрылыс компаниялары кейін бұл шешімдерге келіспей, оларды жою туралы қарсы өтініштер берген. Дегенмен 2026 жылғы қаңтарда шыққан бұйрық тараптардың істі соттан тыс реттеп, өзара талап-арыздардан бас тартқанын аңғартады. Алайда бітімнің нақты шарттары және тараптар келісімге келген соңғы сома құпия күйінде қалған.

Альмира Нұрлыбекова – кәсіпкер, әрі экс-ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың анасы. БАҚ-та ол "Sapa Logistics" логистикалық компаниясының және "Success ABN" құрылыс фирмасының иесі немесе тең құрылтайшысы ретінде аталған. 

Сонымен қатар ол Салтанат Нүкеноваға қатысты қайғылы жағдай болған Астанадағы "Гастроцентрдегі" BAU мейрамханасы орналасқан "Ezy Park" ЖШС-нен үлеске ие болған.

Қоғамдық кеңістікте Альмира Нұрлыбекованың отбасының мүддесін қорғаған түрлі сот процестеріне қатысқаны да айтылып жүр. Соның ішінде, туыстарына қарсы 1 млн доллар көлеміндегі алаяқтық ісі бойынша дау да бар.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Жоғарғы Сот
Өзгелердің жаңалығы